Ақмола облысының әкімі Абай ескерткішіне қатысты пікір білдірді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Степногорск қаласындағы №6 мектеп-гимназиясының алдында орнатылған Абай ескерткішіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған мәселеге бей-жай қарамай лайықты назар аударған барлық адамдарға алғыс айтамын. Степногорск қаласында 1977 жылы ашылған №6 орта мектебі алғашқы кезден бастап Абай Құнанбаевтың атымен аталғаны белгілі. Тапсырыс бойынша Алматы қаласында құйылған қазақ ағартушысының бюсті екі жыл өткен соң мектептің алдына орнатылған. Аталған мәселе бойынша әлеуметтік желілерде пайда болған қарама-қайшы пікірлерге назар аудара отырып, ең алдымен тұрғындардың пікірі ескерілуі тиіс деп санаймын. Бұл мәселе Степногорск қаласына жасалатын кезекті жұмыс сапары барысында талқыланатын болады. Сонымен қатар, құжаттамалық деректер мен сарапшылардың көзқарастарына назар аударылуы тиіс», - деп жазады әкім Фейсбуктегі жеке парақшасында.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай әлеуметтік желіде Степногорск қаласындағы №6 мектеп-гимназиясының аумағында тұрған Абай Құнанбаевтың бюст-ескерткішіне қатысты видео тараған болатын.  Видео авторы А. Құнанбаевтың бюстін Ленинге ұқсатып, осыған жол берген адамдарды сынға алды.  

Оның айтуынша, мұның алдында бұл жерде Владимир Лениннің ескерткіші тұрған. Кейін басына тақия кигізіп, Абайға ұқсата салған. Автордың пікіріне желі қолданушылары қосылып, өздерінің наразылықтарын білдірген болатын. Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығына көп кешіктірмей қала әкімі Әнуар Күмпекеев те түсінік берген еді.

Шаһар басшысы өз сөзінде әлеуметтік желіде дауға іліккен Абайдың бюстің орнатылғанына 40 жылға жуықтаған және оған дейін мектептің алдында ешқандай ескерткіш болмағанын айтты.

Соңғы жаңалықтар