Ақмола облысының агротехникасы көктемгі егіске дайын

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Биыл Ақмола облысының диқандары 5,1 миллион гектар жерге тұқым себуді жоспарлап отыр. Осы ретте аймақта науқанды белгіленген кестеге сай жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығына көңіл бөлінуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл тұқым себу науқанына 14 мыңнан астам трактор, 18 мыңнан астам астық сепкіш және 1406 өнімділігі жоғары егіс кешені жұмылдырылатын болады. Қазіргі кезде өңірде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті ауыл шаруашылығы техникалары 100 пайыз дайын.

Басқарма басшысының орынбасары Қасым Иткұсовтың айтуынша, заманауи техниканы қолдану егіс сапасын қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өндірісіне нақтылы егіншілік элементтерін енгізуге және жаңғырту үшін негіз жасауға мүмкіндік береді.

«Жұмыс жоспарына сәйкес облыста 20 жұмыс күні ішінде дәнді дақылдарды егу жоспарланған. Егістегі орташа тәуліктік өнімділік кемінде 230 мың гектарды құрауы тиіс. Бұл ретте егіс кешендерімен егіннің 65 пайызға жуығы егілетін болады», - деді Қасым Иткұсов.

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кәсіпкерлердің субсидиялау көздері бойынша жоғары технологиялық жабдықтарды сатып алу мүмкіндігі бар.

Зеренді ауданындағы шаруа қожалығының директоры Анатолий Стрекозин мемлекеттік қолдауды пайдаланып, техника паркін жаңартуда.

«Өткен жылы лизингіге екі трактор мен екі егіс кешенін сатып алдық. Биыл трактор мен егіс кешенін сатып аламыз. Бұл біз үшін өте тиімді және пайдалы», - дейді кәсіпкер.

Айта кетсек, Ақмола облысында жыл басынан бері 229 техника – 65 трактор, 48 комбайн, 22 егіс кешені және 94 өзге де техника сатып алынды. Ал үш жыл ішінде облыстың ауылшаруашылық техникалары 1288 трактор, 1029 комбайн, 248 егіс кешеніне жаңартылған.


Соңғы жаңалықтар