Ақмола облысының 6 ауданын қарғын су басып, халықты әбігерге салуда

None
None
АҚМОЛА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының 6 ауданындағы елді мекендерде еріген қар суының деңгейі артып отыр. Бұл туралы аймақтық ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.

ТЖД мәліметі бойынша, әсіресе, Атбасар қаласында Жабай өзенінің суы күрт көтерілуі салдарынан Атбасар қаласындағы суда қалған үйлердің саны 330-ға жетіп, біраз адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Қазір аталған елді мекенде құтқару жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ, Астрахан ауданындағы Ягодное селосында 2 үй суда қалды. Мұндағы 9 адам туыстарының үйіне көшірілді. Бұл үйлердегі судың деңгейі 15 см-ге жетті.

Целиноград ауданында Коянды кентінде 24 тұрғын үй аулалары, 96-разъезде 2 үйді су шайып кетті. Осыған орай, "Күншуақ" бала бақшасының маңында 4341 шаршы метр еріген қар суы насоспен сорылды.

Талапкер ауылында да қар суының күрт еруіне байланысты 95 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді.

Шортанды ауданындағы Жолымбет кенті, Новопервомайское селосында су бөгетінен айналып, өтетін құбырды су шайып кету қауіпі бар. Мұндағы су көлемі 2,5 миллион текше метрді құрап отыр. Қазіргі кезде аталған су бөгеті қалпына келтіріліп, су деңгейі 40 см-ге төмендеп, 59 адам эвакуацияланды.

Бұланды ауданындағы Макинск қаласында ауа температурасының көтерілуіне байланысты дала мен орман ішіндегі қар суы еріп, 31 үй мен 11 жеке құрылыстар судың астында қалды.

Сандықтау ауданындағы Веселое және Богородка селоларында да еріген қар суының салдарынан жол болмай, тұрғын үйлер су астында қала жаздады.

Соңғы жаңалықтар