Ақмола облысындағы жылыту пунктеріне 50-ге жуық адам жеткізілді

Фото:
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 9 қаңтарда республикалық маңызы бар «Астана-Петропавл» автожолының жабық учаскесінен құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен және полиция қызметімен бірлесіп дизель отынымен жүретін жолаушылар автобусынан 49 адамды эвакуациялады, оның ішінде 6-уы бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Тәжікстан Республикасының 49 азаматы Щучинск қаласының орталық мешітіндегі жылыту пунктіне орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

«Біз Тәжікстаннан Ресейге жол тарттық. – 40 градус аязда біздің автобус жолда қалып қойды. Осындай суықта бізге көмектескендері, жылы жерге орналастырғандары, тамақтандырғандары үшін Қазақстанға алғыс айтамыз», – деді эвакуацияланғандардың бірі.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарынан жолдардың жабылуы туралы СМС-хабарламалар алған кезде жолға шықпауларын сұрайды. Жолдардың жабылуы және ауа райы туралы ақпаратты «Darmen» қосымшасын жүктеу арқылы немесе 1403 нөмірі бойынша білуге болады.


Видеодан алынған кадр//instagram.com/aqmola_tjd

Соңғы жаңалықтар