Ақмола облысындағы табиғи су көздерінің емдік шипасы медициналық туризм саласында қолданылмақ

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Ақмола облысындағы табиғи су көздері мен оның емдік шипасы медициналық туризм саласында қолданылатын болады. Бұл туралы өңірдегі минералды су өндірісімен айналысатын алпауыт компания "Көкшетау минералды сулары" АҚ-да Ақмола облыстық Туризм басқармасы және өңірдегі шипажайлар басшыларының қатысуымен өткен семинар-кеңесте айтылды.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында туындаған медициналық туризмді дамуы міндеттері шеңберінде қолға алынған шара барысында Ақмола облыстық Туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов және "Көкшетау минералды сулары" АҚ ғылым жөніндегі вице-президенті Евгений Пятов баяндама жасап, өңірде медициналық туризмді дамытудың мүмкіндіктерінің мол екенін атап өтті.

Шынарбек Батырхановтың айтуынша, Ақмола облысы еліміздегі медициналық туризмді дамыту мүмкіндігі зор өңір болып табылады. Әсіресе, мұнда табиғи жер асты су көздері жетерлік. Солардың ішінде "Көкшетау минералды сулары" АҚ өндіріп отырған "Тұран", "Құлагер-Арасан" және "Свежесть" сияқты адам ағзасына пайдалы саналатын минералды суларын медициналық туризм қызметін көрсететін шипажайлар мен сауықтыру орындарында пайдалану экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді болмақ.

Мұны кәсіпорын басшылары да құптап отыр. Осы орайда, семинар барысында "Көкшетау минералды сулары" АҚ мен облыстағы курорт, сауықтыру орындары, пансионаттар, шипажайлар және бұдан басқа да медициналық туризм қызметін ұсынатын мекемелермен меморандум жасалды. Осы меморандум аясында кәсіпорын курортты аймақтағы шипажайлар мен сауықтыру орындарына өздерінің табиғи минералды ас суларын үзіліссіз жеткізіп отырмақ.

"Көкшетау минералды сулары" АҚ еліміздегі табиғи емдік минералды ас суын жеткізуші ірі компания болып табылады. Жергілікті жердегі табиғи көздерден алынатын экологиялық жағынан таза ас сулары қазіргі заманғы озық технология бойынша дайындалады. Сондай-ақ, кәсіпорының тұтынушыға жедел табиғи емдік минералды ас суларын жеткізудегі көліктік-логистикалық жүйесі жақсы дамыған. Сондықтан өңірде медициналық туризмді дамытуға кәсіпорынның қосатын үлесі зор", - дейді Евгений Пятов.

Соңғы жаңалықтар