Ақмола облысындағы колонияларда емдеу шарттары бұзылған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы колонияларда сотталғандарды емдеуде кемшіліктерге жол берілген. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасында өткен бас бостандығынан айыру орындарындағы медициналық қызметтің сапасына қатысты алқалы жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, денсаулық сақтау басқармасының және облыстың басқа да уәкілетті органдарының басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысты. Онда прокуратура жүргізген тексерістермен сотталғандарға медициналық қызмет көрсету саласында бірқатар кемшіліктердің анықталғаны аталып өтті. Бұл дәрі-дәрмек формулярын уақтылы бекітпеу, медициналық препараттарды тұтыну есебін, диагностика және емдеу хаттамаларын бұзу, медициналық жабдықтың бекер тұруы және басқалар.

«Мәселен, Заводской кентінің ЕЦ-166/18 және Степногор қаласының ЕЦ-166/11 мекемелерінде сотталғандарға емдеу тағайындау кезінде дәрілік препараттарды қабылдау еселігі және ұзақтығы бұзылған, ал Аршалы кентінің ЕЦ-166/5 мекемесінде жекелеген науқастар стационарда тиісті емдеу мерзімінен артық болған.

Көрсетілген заңбұзушылықтарға мекемелердің басшылығы тарапынан жұмысты тиісінше ұйымдастыру және ведомстволық бақылаудың жоқтығының салдарынан жол берілген», деп аталып өтті пенитенциарлық жүйе мекемелерінде көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы талқыланған алқа отырысында.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар әзірленді. Соның ішінде штатты медициналық қызметкерлермен жабдықтау, олардың біліктілігін арттыру, дәрі-дәрмекті қолдануға және қажеттілігіне талдау жүргізу, оларды сатып алуды қамтамасыз ету, контингенттің арасында жыл сайынғы профилактикалық тексерулер мен скринингтерді ұйымдастыру, ауыр науқас сотталғандарды әкелуге жол сияқты ұсыныстар бар.

Оған қоса, уәкілетті органдардың мекенжайына қадағалау актілері енгізілді, олар қаралуда.

Соңғы жаңалықтар