USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Ақмола облысындағы Көбейтұз көлінің аумағы абаттандырылды

2021 жылғы 25 қазан 10:55
Бөлісіңіз:
Ақмола облысындағы Көбейтұз көлінің аумағы абаттандырылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның барлық облысында «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы басталды. Ол тарихи әрі мәдени мұраларды сақтау және дамыту, тарих пен мәдени ескерткіштерді, материалдық кешендерді қалпына келтіру және сақтау жұмыстарына волонтерлер мен азаматтарды тартуға бағытталған. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша іске асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның шеңберінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жалпы сомасы 15 млн теңге болатын 30 шағын грант бөлді.

500 мың теңге көлеміндегі гранттардың бірін Айдана Қадыр мен Ботагөз Жүсіпова ұтып алған. Қыздар бізге атқарылған жұмыстар мен жобаны жүзеге асыруда өз тәжірибелері туралы айтып берді.

Айдана Қадыр мен Ботагөз Жүсіпова таяудан бері ғана ішкі туристік экскурсияны ұйымдастырумен айналысады.

Қыздар елордаға жақын жерде орналасқан табиғи көрнекті орындарға сапарларды ұйымдастырады. Турлармен жұмыс істеуге оларды жеке қызығушылық пен табиғатқа, қоршаған орта мен Отанға деген махаббат жетелеген.

«Идея менің әріптесім Ботагөзге келді. Ол Баянауылға барып, сапардан керемет шабыттанып келді. Ол осы іспен тұрақты түрде айналысқысы келді. Мен оның ісін іліп әкеттім де, біз оны бірге жүзеге асыра бастадық. Осы жылдың көктемінен бастап Нұр-Сұлтанға жақын орналасқан табиғи көрнекті орында ішкі турларды ұйымдастырып келеміз.

Ортақ істі бастаған кезде біз коммерциялық мақсатты көздемедік. Бұл – ішкі ұмтылыс. Неліктен көпшілік біздегі көрікті орындардан гөрі Түркия туралы көбірек біледі? Тіпті елордадан бар-жоғы бір жарым сағат жолда тіршілік ететін қоқиқаздар туралы естіп-білгендер де аз. Өмірінің басым бөлігін Африкада өткізетін экзотикалық құстың тіршілігін бақылау қаншалықты керемет екенін білесіз бе!? Міне, сол себепті біз турларды өткізе бастадық. Бізді табиғатқа, елге деген қызығушылық пен махаббат жетеледі.

Жаз бойы Ботагөз екеуміз біздің елдің көрікті орындарын аралап, жұмыстың ұйымдастырылуын талқыладық, климаттың, экожүйенің ерекшеліктерін зерттедік», - дейді ол.

Ботагөз бен Айдана табиғат алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Олар белгілі бір орынның ерекшелігін зерттеп қана қоймай, туған өлкенің атмосферасы мен су ресурстарының қорғалуына өздерінің шағын үлесін қосып жатыр.

Олардың бастамашыл тобы жақында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен грант ұтып алды, оның шеңберінде Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы тұзды әрі ағынсыз көл – Көбейтұз аумағын абаттандырды.

Неліктен Көбейтұз дейсіз бе? Қыздардың түсіндіруінше, қызғылт көл туристер үшін өте тартымды әрі ерекше қамқорлықты талап етеді.

«Біз Көбейтұзға бірнеше рет бардық. Ірі компаниялардан баратын туристердің көпшілігі өзінен кейін қаншама қоқыс қалдырып кеткенін көзіміз көрді. Олар тіпті көл сақтала ма, жоқ па деп алаңдамайды да. Адамдардың тіпті көлден тұзды шелектеп тиеп алған сәттері болған. Бұл Көбейтұздың гүлденуіне зиянын тигізуі мүмкін ғой. Ал ол бірнеше жылда бір рет қана гүлденетін көл.

Аумағын тазарту жұмыстарына Теңіз де мұқтаж. Ол да Ерейментау ауданында орналасқан. Біздің алдымызда екі таңдау тұрды. Біз қызғылт көлдің маңайын тазартуды жөн деп шештік, себебі оған туристер көбірек барады.

Гранттық конкурс туралы білгеннен кейін біз қатысып көруді жөн деп шештік. Ұтамыз деп ойламаппыз. Алайда сәттілік біз жақта болып шықты.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының арқасында біз 500 мың теңге көлемінде грантқа ие болдық. Бұл қаражатқа қоқыс жәшіктерін орнатып, жазда қоқысты жағу үшін үлкен контейнер қойдық. Көлік қызметіне шығын шығардық», - дейді Айдана Қадыр.

Ең бастысы, Ботагөз бен Айдана өз жобасына волонтерлерді тартыпты. Олармен бірге қыздар Көбейтұз аумағын тазарту жұмыстарын жүргізген.

Бәлкім, бұл аймақта мұндай іс-шаралар ұзақ уақыт ішінде алғаш рет ұйымдастырылған шығар. Өткізілген іс-шаралардың арқасында Көбейтұз туралы, оның гүлдену кезеңі, табиғат пен көлдің қорғалып, қамқорлыққа алынуы керектігі жайлы ақпарат пайда болды.

Айдана Қадырдың айтуынша, тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған іс-шараға волонтерлерді ғана емес, Ақмола облысы Ерейментау ауданы әкімдігінің өкілдері де шақырылған.

Олар өз кезегінде бірегей көлдің аумағын ерекше бақылауға алуға уәде берген.

«Көлік жағын ұйымдастыруға байланысты жұмыс реттелгеннен кейін біз үшін Көбейтұз аумағына сапарды жедел ұйымдастыру шаруасы қиынға түскен жоқ. Ұлттық волонтерлік желі бізге волонтерлерді тартуға көмектесті.

Олар біз үшін қоқыстарды жинап, аумақты тазартып берді. Үлкен-үлкен пакеттерді өздерімен ала кетті. Балалар қызығып, көңілді жүрді. Өздері үшін көп жаңашылдық ашты. Кейбіреулері елорда маңында орналасқан бірегей қызғылт көлдің барын бірінші рет білді.

Адамдар бұл көлдің қандай екенін білуі үшін ақпараттық сөрелер қойдық. Неліктен ол қызғылт? Неге тұз алуға болмайды? Экожүйеге қандай зиян тигізеді? Біз мұның бәрін зерттеп, үш тілде жазып қойдық.

Графикалық дизайнер бізге плакаттар жасап берді. Енді біз адамдардың экосауаттылық деңгейінің жоғарылауына аздап ықпал етеміз деп үміттенеміз. Біздің баннерлерді көргеннен кейін олар нені істеуге болатынын, нені болмайтынын біледі.

Бұған дейін айтқанымдай, қызғылт көлдің аумағын дамытуға бұған дейін мүлде ешкім қызығушылық танытпаған. Біз әкімдіктің өкілдерін шақырып, оларды біздің іс-шараға шақыра алдық.

Бізбен кездескеннен кейін олар біздің жобаға ырза екенін білдіріп, алғысын айтты. Аудан әкімдігінің қызметкерлері біздің ақпараттық сөрелерді алып кетті де, оларды жаңа көктемгі туристік маусым алдында орнатуға уәде берді. Яғни мемлекеттік қызметкерлер де бұл мәселеге араласа бастады.

Көбейтұз гүлденіп, бізді алда да қуанта берер деген үміттемін», - дейді ол.

Айдана Қадыр ортақ іс екі адамды жақындастыра түскенін айтады. Аз уақыттың ішінде қыздар достасып үлгерген. Тіпті жас айырмашылығы да бөгет болмаған. Қыздар бұдан ары өздерінің ортақ ісін кеңейтіп, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық конкурстарына тұрақты қатысып тұратындықтарын жеткізді.

«Ботагөз 45-те. Менің жасым 24-те. Біз туыс емеспіз. Екеуміздің өз отбасымыз, өз жұмысымыз бар. Біз тек жақын таныс, әріптес едік. Ал бүгінде уақытты бірге көбірек өткізіп жүрміз. Бірге істеген еңбек қашан да біріктіріп жібереді.

Болашақта басқа да конкурстарға қатысамыз. Бұл ішкі туризмді дамытуға үлкен үлес қосуға, сонымен бірге рухани тұрғыда өзімізге де жетілуге мүмкіндік береді.

Біз ісімізді кеңейтіп, өз қызметімізді ақылы деңгейде жеткізгіміз келеді. Алғашқы кезеңде алдын ала барлап білсек, алдағы уақытта сапалы қызмет көрсетеміз», - деп жоспарын айтты Айдана Қадыр.

Сонымен бірге «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттыққ жобасын жүзеге асыру шеңберінде «Маңғыстау облысының әлеуметтік даму жөніндегі агенттігі» ЖМ Ақшырмау ауылында ел ішінде қасиеті бары айтылатын құдықтың аумағын тәртіпке келтірді. Жігіттер одан қайта су алатындай жөндеуге ниетті, себебі аймақта ауыз су проблемасы бар.

Қостанай облысы Қамысты ауданы Жайылма ауылында Шымбат Ақбасов тарихи-мәдени құндылығы бар, 1926 жылы іргесі қаланған сәулет құрылымдарын сақтауға өз үлесін қосып келеді.

Ұлы Отан соғысы уақытында осы нысандардың бірі жетім балаларға арналған жетімдер үйі болған. Бүгінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қаражатымен нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қостанай облысының тұрғыны Ольга Енборисова жоба аясында Рудный қаласында орналасқан ескерткіштердің ақпараттық тақтасын жасап жүр.

Бүгінгі таңда 1968 жылы орнатылған, қызыл партизандар Алексеевка кентінде ақ гвардияшылардың қолымен 1919 жылы атылған орында орнатылған ескерткіштегі мүсінші Марита Бажитенің жазулары қалпына келтірілді.

Қарағанды облысынан Дархан Шашенов Талды археологиялық бағында орналасқан ежелгі ескерткіштерді насихаттауға қызығады.

Ол ескерткіштердің жай-күйін зерттеп қана қоймай, әлеуметтік желілерде ежелгі ескерткіштер туралы мағлұматтарын бөліседі.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT