Ақмола облысындағы карантин: Жағдай толық бақылауда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысындағы түйнемеге қатысты жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствода атап өткендей, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. ҚР ДСМ тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапаны бақылау комитеті Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында түйнеменің тіркелуіне байланысты бірқатар іс-шаралар қабылданғанын хабарлады.

Комитет төрайымы Людмила Бұйрабекованың айтуынша, жағдай толық бақылауда. Өңірде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әдіқалықовтың басшылық ететін денсаулық сақтау, ветеринария, ішкі істер органдары саласындағы мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар департаменті өкілдері қатысқан түйнеме жұқпасы бойынша аумақтық штаб жұмыс істеуде.

«Індет ошағында эпидемияға және эпизоотикаға қарсы шаралар ұйымдастырылды. Олар қарым-қатынасқа түскен адамдарды анықтап, екпе салуға бағытталған», - деп атап өтті Людмила Бұйрабекова.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Аршалы ауданының әкімі Эпизоотикалық және эпидемиологиялық ошақтарды ауыздықтау және жою іс-шаралар жоспарын бекітті.

«Қазіргі таңда түйнемеге қатысты бес күдікті жағдай тіркелді. Олардың ішінде төртеуін зертхана растады. Ауру жеке қорада ветеринарлық куәландырусыз ірі қара малды (сиыр) союға мәжбүр болғандықтан тараған. Ольгинко ауылына қораларды тексеру үшін қосымша 3 медициналық қызметкер жіберілді. Медициналық мекеме толықтай дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді», - деп атап өтті ведомствода.

Атап өтілгендей, 2019 жылдың 12-15 тамызында қарым-қатынасқа түсті делінген барлық адам Аршалы аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Эпидемиологиялық тексеру анықтағандай, 2019 жылдың 2-6 тамызында жеке қорада ветеринарлық куәландырусыз мал союға мәжбүр болған жағдай салдарынан індет тараған. Мал иесінің айтуынша, малды союға 5 адам қатысқан.

«Қазіргі уақытта Ақмола облыстық ұлттық сараптама орталығы облыстық бөлімшесі аса қауіпті инфекциялар зертханасы аурулардан серологиялық зерттеу үшін материал алды.

Сондай-ақ, зертхана қызметінің мамандары аурудың бірінші жағдайы тіркелген кезде індет ошағынан ауырған жануардың материалдары (ірі қара малдың еті, жүні, сүті, жемі), топырақ, су сынамалары алынды.

Зерттеу нәтижелері бойынша, жарамсыз сынама анықталмады. Қосымша 3 биосынама мен 5 топырақ сынамасы іріктелді. Олар қазір бактериологиялық зерттеуде жатыр», - деді ведомстводан.

Сондай-ақ, ветеринарлық инспекция санитарлық қызметпен, полиция және медицина қызметкерлерімен бірге 156 үйдің қорасына, 236 түрлі нысандар мен ұйымдарға тексеру жүргізіп, тұрғындарға 392 нұсқаулық берді.

Аулаларды тексеру барысында медициналық бақылауға алынған адамдар анықталды, оларға күніне екі рет термоетрия жүргізіліп жатыр.

«Өңірдегі жағдай Комитеттің бақылауында, эпидемиологиялық қарсы шаралар жалғасып жатыр. Комитет басшысы қала тұрғындарына қарапайым қауіпсіздік пен гигиена ережелерін сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ, температура көтеріліп, денсаулығы нашарлаған жағдайда мекенжай бойынша медициналық мекемеге барулары сұралады», - делінген баспасөз баянында.

Еске салайық, 16 тамызда Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында түйнемеге қатысты карантин жарияланды. 5 тұрғын ауруханаға жатқызылып, қазір сынамалар зерттеліп жатыр. Ауруханада жатқандардың жағдайы тұрақты. Ольгинка ауылында үй жануарлары арасында түйнеме белгісі анықталған жоқ.

Соңғы жаңалықтар