Ақмола облысындағы карантин: Елордалықтарға еш қауіп жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақмола облысына қарасты Ольгинка ауылында түйнемеге қатысты енгізілген карантиннен елордалықтарға еш қауіп жоқ. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті Аса қауіпті инспекциялар мен биоқауіпсіздікті эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Зәуреш Жұмаділова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түйнеме адамнан адамға жұқпайды. Сондықтан науқас адамның Нұр-Сұлтан қаласына келіп, жергілікті тұрғындардың барлығына жұқтыру қаупі жоқ. Мұндай долбар қисынсыз. Ал ет басқа мәселе. Анықталған еттің барлығын тауып, өртеп жібердік. Залалданған еттің бәрін жинап алған сияқтымыз. Сол Себепті Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарына қауіп өте төмен», - деді Зәуреш Жұмаділова.

Ал ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов елордалықтардың неліктен қауіптенбеуі керектігін түсіндіріп берді.

«Қауіптену орынды. Ветеринарияны, жануарлардың жайылым ерекшеліктерін білмейтін адамдарда түйнеме елордаға да келіп жететіндей сезімнің байқалуы мүмкін. Елді мекен елордадан 165 шақырым жерде. Бұл елді мекенде карантиндік шаралар жүргізіліп жатыр. Карантин болған кезде ол жерге ешкім кіре алмайды. Біз көліктер кіргенде де, шыққанда да залалсыздандырамыз. Ол жақтан өнім сыртқа шығармайды. Ол карантин алынғаннан кейін ғана мүмкін болмақ. Еш қауіп жоқ», - деді комитет басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында түйнемеге қатысты карантин жарияланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, Ольгинка ауылының 5 тұрғыны ауруханаға жатқызылған. Қазір сынамаларға зерттеу жүргізіліп жатыр. Науқастардың жағдайы тұрақты. Елді мекендегі карантин 15 күннен кейін алынады.

Соңғы жаңалықтар