Ақмола облысындағы карантин 30 тамызда алынады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Ольгинка ауылында түйнемеге байланысты жарияланған карантин 30 тамызда алынады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі аймақ әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Аршалы аудандық ауруханасына барып, «түйнеме» диагнозымен түскен науқастардың жағдайымен танысты. Сондай-ақ Ольгинка ауылындағы індеттің ошағын оқшаулау жөніндегі штабтың көшпелі отырысын өткізді.

Көшпелі отырыста облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов, Аршалы ауданының әкімі Талғат Мұханбетжанов және Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айгүл Мусина ошақты жою үшін қандай шаруа тындырылғанын баяндады.

«Бүгінгі таңда 6 адамның 4-еуінің диагнозы зертханалық түрде расталды. Олар дәрігерлердің бақылауында және қажетті ем алып жатыр. Науқастардың жағдайы тұрақты. Малдың індетті жұқтыру себебі анықталуда. Ольгинка ауылында карантиндік іс -шаралар жүргізілуде. Оның ішінде аулалар үш мәрте дәріленді. Карантин 30 тамызда толығымен алынып тасталады», - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.


Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің облыстық басқармасының басшысы Зәуреш Жұмаділова мал сою кезінде ветеринарлық куәландырудың болмауы індеттің жұғуына негізгі себеп болуы мүмкін деген пікір айтады.

«Ветеринар мамандар жетіспейді. Олар мал сою орындарына жедел жете алмай отыр. Ветеринар ауруды идентификациялап, ауру малдың еті бөлшектелгенге дейін оны оқшаулай алар еді», – дейді маман.

Қазақ мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, ветеринария ғылымдарының кандидаты Владислав Сущихтың айтуынша, елді мекенде карантиндік шаралар жоғары деңгейде жүргізілуде. Өз сөзінде малға егілген вакцинаның сапасына күмән келтірді. Сондай-ақ ол ел ішінде санитарлық-ағарту жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Өңір басшысы Ермек Маржықпаев салалық департаменттер мен басқармаларға індеттің эпидемиялық ошақтарын дер кезінде анықтауды, есепке алуды және тексеруді қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруды, халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын күшейтуді, ауыл шаруашылығы жануарларын түгелдей уақытылы егуді, күйдіргінің ошағын жою бойынша іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бүгін біз маңызды мәселені талқыладық. Барлық штаб мүшелері жағдайды жеке бақылауда ұстауы қажет. Эпизоотиялық жағдай ветеринарлық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі болып табылады. Азаматтардың денсаулығы мен амандығы соған байланысты», - деді облыс әкімі.


Еске салсақ, 18 тамыз күні Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында түйнемеге қатысты карантин жарияланды. 19 тамызда залалданған еттің 80 пайызы жойылған болатын. Сол күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 15 күннен кейін Ольгинка ауылындағы карантинды алып тастайтындарын айтқан. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров індет топырақтан шықты деген болжам айтқан.


Соңғы жаңалықтар