Ақмола облысындағы гидротехникалық құрылыстардың 70 пайызы тозған

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы гидротехникалық құрылыстарының жартысынан астамы апатты жағдайда және жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ерден Берлібековтің мәліметінше, өңірдегі 90 гидротехникалық құрылыс болса, оның 17 республикалық, 66 коммуналдық және 7 жеке меншіктегі. Өткен жылы бұл гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйін анықтау үшін комиссиялық визуалды тексерулер жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша өңірдегі гидротехникалық құрылыстарының жартысынан астамы апатты жағдайда және жөндеуді қажет екені анықталды.

«Бүгінгі таңда барлық гидротехникалық құрылыстардың пайдалану мерзімі 30 жылдан асады, оның 70 пайызының тозығы жеткен. Иванковская бөгеті толығымен дерлік босатылды (жобалық көлемі 15 млн.текше метр, нақты көлемі 0,1 млн. текше метр), сонымен қатар көктемгі кезеңде су қоймасы толған жағдайда іске қосылуы тиіс су бұру арнасы жабдықталды», - дейді Ерден Берлібеков.

Основная бөгет бойынша жергілікті (аудандық, облыстық) бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді, мердігер ретінде «Шортанды су» коммуналдық кәсіпорны анықталды. 2022 жылдың 15 қазаны мен 10 желтоқсаны аралығында «RD Group KZ» ЖШС құрылыс ұйымы жұмыстарды жүргізу сметасына сәйкес бөгеттің осал тұстарын нығайтты, су қабылдау камераларын бетондау және су ағызу құбырларын нығайту үшін монолитті тіреу қабырғасын орнатты.

«Веденовская бөгеті бойынша су тасқыны кезінде артық ағын суларды ағызу үшін су бұру арнасы жабдықталды. Ал қанағаттанарлықсыз жағдайдағы қалған гидротехникалық құрылыстар босатылады немесе транзиттік режимге ауыстырылады», - деп толықтырды Ерден Берлібеков.

Осы ретте, Астана, Селетті және Шағалалы су қоймаларының режимін реттеуге және оларды қысқы кезеңде пайдалануға ерекше назар аударылып отыр.

«Өңірдегі барлық гидротехникалық құрылыстар бақылауға алынған. Қауіпті учаскелерде бақылау бекеттері орнатылады. Көктемгі су тасқынына дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Тасқын суларды апатсыз өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда», - деп түйіндеді Ерден Берлібеков.

Айта кетсек, Көкшетау университетінде 100-ден астам адам эвакуацияланды.


Соңғы жаңалықтар