Ақмола облысындағы етті қайта өңдеу кешені өнімін Астанаға жөнелте бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы етті қайта өңдеу кешені бар жаңа бордақылау алаңы өзінің алғашқы өнімін астаналық базарға жеткізе бастады.

Кәсіпорынның ендігі жоспары - көршілес Қытайдың нарығына етті экспортқа шығару. Бұл жоба «ҚазАгро» ұлттық холдингінің 10 жылдығы және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында іске асырылып отыр.

Ақмола облысының  Ерейментау ауданында 3 мың басқа арналған бордақылау алаңын және жылына 5 мың тонна ет пен ет өнімдеріне арналған етті қайта өңдеу кешенін  құру жөніндегі жобаның екінші кезеңі іске асырылды.  Жалпы құны 1,5 млрд. теңгенің жобасын «ҚазАгро» ұлттық холдингінің құрылымындағы компания «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржылай қолдауымен «Жаңа-Береке» ШҚ жүзеге асырады. Кәсіпорын өндірістің толық циклын атқарады: репродуктор - бордақылау алаңы - ет өңдеу кешені. Ол Қазақстанның сауда желілерін  ет өнімдерімен жабдықтап қоймай, онымен экспорт нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның халықаралық стандарттарға сәйкестік сертификаты бар.

«Жаңа-Береке» ШҚ директоры Айбек Қазыбеков айтып өткендей, шаруашылықта бағылатын қазақ ақбасты және қалмақ тұқымдары жергілікті жағдайларға жақсы бейімделген және ірі қара малдар қорада қамалып ұсталмайды, бұл жарты жыл ішінде малды жайлауда бағуға және жеке жайылымдардағы балауса шөптерді пайдалануға мүмкіндік береді.  Сонымен бірге, қызметі мен перспективалары жөнінде сөз қозғай келіп, «Жаңа-Береке» ШҚ басшысы «ҚазАгро» ұлттық холдингінің даму институттары - «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ тараптарынан өндіріске көрсетілген көмектің ерекше маңызды рөлін атап өтті. Қазыбековтың айтуынша, солардың көрсеткен қолдауының арқасында, жоба қажетті несие ресурстарын, лизингке жабдық мен ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ дер кезінде субсидия алды.  

1364 бас ірі қара мал Қазақстан мен Ресейдің асыл тұқымды шаруашылықтарынан «ҚазАгроҚаржы» АҚ берген ақша есебінен сатып алынды.  Бүгінгі таңда жеке малды қоса алғандағы ІҚМ жалпы саны 2 127 басты құрайды.

«Жаңа-Береке» ШҚ  тұрақты негізде жобаны дамытуға қаражат салады. Малдарды зерттеу үшін мамандандырылған жабдықты сатып алу жүргізіледі, вакциналар, дәрумендер мен дәрі-дәрмектер, соның ішінде алып келінген малдың тұқымын жақсарту және бейімдеу үшін қажет заттар сатып алынады.  Малдарды бағып күту үшін Қазақстанның барлық жерлерінен біліктілігі жоғары мамандарды іріктеу жүргізілді, Беларуссиядан мамандар тартылды. Ауылда шаруашылықтың мамандарына арналып 5 тұрғын үй салынды. Жалпы, аталған жобаны іске асыру маусымдық жұмысқа тәуелді емес 50-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға ықпалын тигізді.  

Соңғы жаңалықтар