Ақмола облысындағы елді мекендерден 1 млн текше метр қар шығарылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында көткемгі су тасқынына дайындық шаралары қызу жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін өңірдегі елді мекендерден барлығы 1 миллион 103,4 мың текше метр қар шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық ТЖД мәліметінше, өңірде су тасқынына дайындық шарасы өткен жылдың жазында басталған. Елді мекендерді инженерлік қорғау жоспарына сәйкес 54 елді мекенде арықты тереңдету, су бөгетін жөндеу, жаңасын тұрғызу, өзен арнасын тазалау жұмысы жүргізілді.

«Облыстың елді мекендерінен 1 миллион 103,4 мың текше метр қар шығарылды. Су тасқынына 1 921 адам, 979 арнайы техника, 122 мотопомпа, 48 жүзу құралы дайындалды. ҚР ІІМ бөлімшелерінде 524 адам, 111 арнайы техника, 12 жүзгіш құрал, 107 мотопомпа бар. Сондай-ақ, әр аудандағы департамент бөлімшелерінің 107 мотосорғысы су тасқыны қаупі мол аймаққа жіберіледі. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы су тасқыны күшейген кезде Төтенше жағдай комитетінің өзге өңірлердегі 814 адамды, 161 техниканы, 31 жүзу құралы мен қаржысын жағдайға қарай пайдалану қарастырылып отыр», - дейді Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев.

Айта кетейік, ТЖД дерегі бойынша өңірде төтенше жағдайды ескерту және жоюдың облыстық және өңірлік штабтары құрылып жұмыс істеуде. Төтенше жағдай резервіне 1 миллиард 179 миллион теңге қаржы аударылған. Өңірлерде 225,6 тонна жанар-жағар май, 24 мың тонна инерт материал, 84,4 мың қап әзірленді.

Сондай-ақ, қауіпті аймақтан көшірілетін адамдарды қабылдайтын 192 пункт дайындалды. Өзеннің қауіпті учаскелерінде судың деңгейі мен жағдайына мониторинг жүргізу үшін қосымша 97 бақылау бекетінің кезекшілігі ұйымдастырылмақшы.


Соңғы жаңалықтар