Ақмола облысындағы егістік жер көлемі 5,1 млн гектарға жетті - Ермек Маржықпаев
2022 жылғы 27 маусым 16:22

Ақмола облысындағы егістік жер көлемі 5,1 млн гектарға жетті - Ермек Маржықпаев

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында егістік жерлерінің көлемі 5,1 млн гектарға жетті. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл біз ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 5,1 млн гектарға дейін жеткіздік. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш. Жыл сайын біз ел астығының төрттен бір бөлігін өндіреміз, бұл ретте біз астыққа, тұқымға және азыққа деген ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеміз. Жыл сайын 28 елге 2 млн тоннадан астам астық экспортталады», - деді Бурабайда өткен Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.

Сонымен бірге аймақ басшысы ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық жабдықталуына да тоқталды. Әкімнің айтуынша, жыл басынан бері облыстың агроқұрылымдары жалпы сомасы 21 млрд теңгеге 727 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, жыл сайын майлы дақылдар, картоп және көкөніс алқаптарын ұлғайтып келеміз. Биылғы жылы майлы дақылдар мен картоп алқабы 15 пайызға, көкөніс 400 гектарға ұлғайтылды», - деп толықтырды Е.Маржықпаев.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 2025 жылға дейін 177 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілеті жарияланған болатын.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT