Ақмола облысындағы айтулы 10 оқиға: Әлемнiң екi бiрдей рекорды жаңарды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы үшін өтіп бара жатқан 2019 жыл табысты болды. Табыс тасқынын еселеуге облыс тұрғындары елеулі үлес қосты. ҚазАқпарат Ақмола облысында болған биылғы 10 айтулы оқиғаны тізбектейді.

Облыс әкімі ауысты

Облысты екі жыл басқарған Мәлік Мырзалин Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшының орынбасары қызметіне ауысып, оның орнына 2019 жылдың 19-шы наурызында Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Маржықпаев Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды.

Ермек Боранбайұлы 1969 жылы 29 тамызда Нұр-Сұлтан (бұрынғы Целиноград) қаласында дүниеге келген. 1994 жылы С. Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтын, 2001 жылы «Тұран» университетiн, 2009 жылы Көкшетау университетiн тәмамдаған. Ақмола облысының әкімінің лауазымына тағайындалғанға дейін 2015 жылдың қаңтар айынан бастап Көкшетау қаласының әкiм қызметінде болды.

Ермек Маржықпаевтың өңірге әкім болып келуінен өңірде әлеуметтік-өндірістік салада оң өзгерістер байқала бастады. Кейін облыс әкімі өзінің орынбасарлары етіп Жомарт Нұркеновті (кейін жол апатынан көз жұмды), Асқар Мұратұлын, Ғалымжан Әбіқалықовты және облыс әкімі аппараты басшысы Азамат Қапышевті тағайындады. Сонымен қатар, Зеренді, Шортанды, Бұланды, Бурабай, Қорғалжын, Ерейментау аудандары мен Көкшетау қаласының да әкімдері мен облсытқы бірқатар басқармалардың және полиция департаментіні басшылары да ауысты.

Әлемнiң екi бiрдей рекорды орнатылды

Шілденің 13-де Көкшетау қаласының 195-жылдығы аталып өтілді. Қаланың мерейтойын мерекелеу шеңберінде облыс отарлығында бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандар ашылып, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылды. Соның арасында Краснояр кентiндегi «Құлагер» атшабарында Көкшетау қаласының 195-жылдығына арналған құрақ көрпе тiгуден «Құрақ көрпе Fest» фестивалiн атап өтуге болады. Оған қала тұрғындары, үкiметтiк емес ұйымдардың, мемлекеттiк мекемелер мен кәсiпорындардың қызметкерлерi қатысты.


Фестиваль барысында әлемнің екi бiрдей рекорды орнатылды. Оның бiрi, құрақ көрпеден жасалған 33 метр шеңбер болса, екiншiсi ұзындығы 11120 метр құрақ көрпе Гиннестiң рекордтар кiтабына енгiзiлдi. Шараға Гиннестiң әлемдiк рекордтарын ұйымдастырудағы ресми төрешi мәскеуден келген Влад Кабулов қатысып, арнайы сертификаттарды аймақ басшысы Ермек Маржықпаевқа тапсырды.

Бес тарихи тұлғаның ескерткіші орнатылды


Көкшетау қаласынан шыға берісте орын тепкен қазақ халқының ұлы тарихи тұлғалары Ақан сері, Біржан сал, Кенесары Хан, Үкілі Ыбырай және Балуан Шолақ ескерткіштері Көкшетау қаласының 195 жылдығы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде орнатылды. Тарихтың шиыр-шиыр жолдарында, жылдардың аударылған парағында талай боздақтардың есімі бар. Ақмола облысының ғана емес, иісі қазақ жұртының мерейін көтеріп, рухын асқақтатқан айбынды да дарабоз ерлердің құрметіне төрт ауданның аумағынан өтетін «Көкшетау – Нұр-Сұлтан» тас жолы бойында, Көкшеге келе жатқан адамды сән-салтанатымен қарсы алатын 5 тұлғаның ескерткіші бой көтерді. Олар: Кенесары Хан, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ. Қасиетті Көкше топырағында тәрбие алған, өзінің саналы ғұмырын күреспен өткізген ерлер – халықтың жүрегінде. Ғасырлар ауысып, заман ауса да, елім деп еңіреген ерлердің аттары ұмытылмақ емес.

Бір түйір дән далада қалмады

Биылғы егін орағы Ақмолалық диқандар үшін біршама ауыр жағдайда өткізілді. Оның ең басты себебі, жауын-шашынның шамадан тыс көптігі. Көктемгі егіс те әдеттегіден кеш аяқталып, дән кеш пісті.Қыркүйектің басынан облыстың егіс алқаптары дұрыстап бір дегдімеді десек те болғандай. Бурабай, Біржан сал, Зеренді аудандарында 24-36,2 миллиметр шамасында ылғал түсті. Ал, Жарқайың, Есіл, Жақсы аудандарындағы жауын-шашынның мөлшері 11-22,4 миллиметр деңгейде болды. Қорғалжын ауданынан өзге жерлерде күн қабағы бір ашылмады. Жүруінен тұруы көп болған соң қанша күш салғанымен, науқанның алғашқы күндерінде диқандардың адымы ашылмады.

Дегенмен, диандардың қажырлы еңбегі мен маңдай тері текке кеткен жоқ. Егін орағы ойдағыдай аяқталды деуге болады. Облыс шаруашылықтары биыл 4,3 миллион гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын сеуіп, қоймаға 5,1 миллион тонна астық құйып алды. Гектар түсімі 11,7 центнерден айналып отыр. Жиналған астықтың жартысынан көбі 3 класты, яғни, егін сапасы да көңілден шығатындай дәрежеде. Астықты қабылдап, сақтайтын орындарды уақытында дұрыс әзірлеудің арқасында бұл мәселеде еш қиындық болған жоқ.

Мал басы көбейіп, ет пен сүт өндірісі артып келеді


Бурабай ауданында тауарлы-сүт фермасы ашылды. Атамекен ауылында «Б.Д.Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігі ашқан фермаға Ресей және Түркияда шығарылған барлығы 32,3 миллион теңгенің жабдықтары орнатылған. Мұнда сүтті өндіріп, салқындатуға және сақтауға болады. Шаруашылық меншігінде 109 жылқы, 480 бас ірі қара бар. Шаруашылық басшысы Болат Әбдірахманов «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 500-ге жуық симментал сиырларын сатып алған. Ол мемлекеттен алған несиесінің бір бөлігін мал азығын дайындауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жұмсаған. Қалғанына қазіргі заманға сай жабдықталған бірнеше мал қорасын салған.

Зеренді​ ауданының​ Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылында «Щучинск сүт зауыты» серіктестігінің 10 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы ашылды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында ашылған​ мал бордақылау алаңы америкалық технология бойынша салынған және​ өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, ішкі нарықтағы сұранысты да қанағаттандыруға септігін тигізбек.​ Серіктестіктің бас директоры Серікбай Садықовтың айтуынша, қазіргі кезде шаруашылықта 7,1 мың бас ірі қара семіртілуде. 58 адам жұмыс істеуде. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы айына 167 мың теңгені құрайды. Бұл әрине, ауыл тұрғындары үшін қыруар ақша.​ Жыл басынан бері 2,9 мың бас мал сойылыпты.​ ​ Кәсіпорынға шығарылған өнім үшін мемлекет тарапынан субсидия да төленуде.​

Ал, Тәуелсіздік мерекесіне орай Степногор қаласына қарасты Изобильное ауылында жылына 40 тонна қоян етін өндіретін ферма ашылды. Қазіргі заманға сай жабдықталған «Diet-kroliк» қоян фермасында бір мезгілде 5 мың қоян ұстауға болады. Осы арқылы жылына 40 тонна қоянның диеталық етін өндіру жоспарланған.

Көкшетау автобус паркі жаңа қоғамдық көлікпен толықты


«YUTONG» маркалы 44 автобус «Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» компаниясынан сатып алынған және қоғамдық көлік қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған. Оның алғашқы Елорда күні мерекесі күні жолға шықты. Алған қалған 13 автобус кейін жеткізілді.

«Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсия Шәрімованың айтуынша, жаңа қоғамдық көліктер жергілікті климат жағдайына бейімделген, бейнебақылау, кондиционер, сымсыз интернет желісі және жылыту жүйесімен жабдықталған. Электронды билет алмасу жүйесі бар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көтергіш те қарастырылған.

Автобуста жүру ақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілді

Өтіп бара жатқан жылдың 1-ші қарашасынан бастап Көкшетау қаласында қалаішілік бағыттағы автобуста жүру ақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Көлік карталары арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде ересектерге – 80 теңге мөлшерінде, жеті жастан он бес жасқа дейінгі балаларға (мектеп дербестендірілген көлік картасы бойынша) - 40 теңге белгіленді. Ал, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде ересектерге - 150 теңге, он бес жасқа дейінгі балаларға - 70 теңге мөлшерінде жолақы белгіленіп отыр. Сондай-ақ, Көкшетау қаласында қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар азаматтардың 15 санаты белгіленді.⠀

Жастар жылы жақсы істерге толы болды

Облыста Жастар жылы аясында жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді. Өңірде барлығы 146 мыңға жуық жас болса, соның 45 пайызын қала, 55 пайызын ауыл жастары құрайды. 2019 жылы облыс бойынша жалпы Ақмола облысының жастар ресурстық орталығының қызметін қамтамасыз етуге 34,5 миллион теңге, облыс әкімінің атаулы шәкіртақысына 106 миллион теңге, жастар саясаты шеңберінде іс-шараларды өткізуге 31,95 миллион теңге және «ZEREN-2019» республикалық жастар білім беру лагерін өткізуге 40,5 миллион теңге бөлінді.

Облыстың қалалары мен аудандарында 17 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Жастар жылын іске асыру жөніндегі Жол картасында жастармен жұмыс істеудің негізгі бағыттары мен бағдарламалары көрсетілген. Оның ішінде жастарды баспанамен қамтамасыз етуде «Ақмола жастары» бағдарламасы бойынша жастарға арналған 160 пәтерлік 2 тұрғын үй салу жоспарланды. 6 білім беру ұйымдарына арналған 2554 орындық студенттік жатақханалар құрылысы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

2019 жылғы меже 5 мыңнан астам пәтер

Қазіргі кезде тұрғын үй құрылыс жинақтау есебінен жалдамалы және несие арқылы берілетін тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Өтіп бара жатқан жылға облыста тұрғын үй құрылысына 12,5 миллиард теңге қаржы бағытталған. Оның 10,1 миллиард теңгесі республикалық, 2,4 миллиард теңгесі облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр.

2019 жылы облысымызда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы барлығы 501,9 мың шаршы метр баспана немесе 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беру жоспарланса, 6 айдың қорытындысы бойынша 323 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 3 мың отбасы баспаналы болды. Көпбалалы отбасылардың жалдамалы баспана алуы және тұрғын үй құрылысы үшін республика бойынша өңірлерге 50 миллиард теңге қаржы бөлу жоспарланды. Осы бағытта жалпы 7 жыл ішінде 350 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылды. Яғни, бұл жыл сайын көпбалалы 6 мың отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биыл Ақмола облысына республикалық бюджет есебінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 1,2 миллиард теңгесі көпбалалы отбасыларға салынатын жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы үшін, 220,4 миллион теңгесі көпабалалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үй сатып алу үшін. Жалдамалы тұрғын үй құрылысы және жалдамалы тұрғын үй сатып алу бағыттарын жүзеге асыру шеңберінде жыл соңына дейін облыс бойынша барлығы 176 көпбалалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 9 есе өсті

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көп балалы отбасылардың балаларына отбасының кірісіне қарамастан, мемлекеттік жәрдемақы берілетіні белгілі. Осыған орай, АӘК-тің орташа мөлшері үш есеге ұлғайып, орта есеппен әр отбасына 63 мың теңгеден келіп отыр. Өтіп бара жатқан жылы Ақмола облысында көмек алушылар саны да 9 есеге өсті, қазір 8,5 мың отбасы немесе 42 мың адам төлемдер алуда, олардың 36 пайызы көп балалы отбасылар. Ақмола облысында төлемдер үшін қарастырылған қаржы 4,1 миллиард теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 есе артық.

Дегенмен, атаулы әлеуметтік көмек алуда елімізде келеңсіз жағдайларда орын алғаны белгілі. Онда кейбір отбасылар кірістерін жасырып, бизнестерін жүргізіп, АӘК алу шарттарын бұзған фактілер кездескен. Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының дерегі бойынша, өңірде 916 отбасына АӘК-ті төлеу тоқтатылған, оның ішінде 135 отбасы 32 миллион теңге көлемінде алған АӘК-ті қайтарады. Ағымдағы жылдың 4 қазанындағы жағдай бойынша 63 отбасы 8,6 миллион теңгені қайтарған. Нақтырақ айтсақ, 44 отбасы – 6,8 миллион теңгені, ал, 19 отбасы біртіндеп беру арқылы 1,8 миллион теңгені кері төлеген. Сондай-ақ, 1040 отбасы қайта есептеліп, 76 отбасы төлем анықталғанға дейін тоқтатылады.




Соңғы жаңалықтар