Ақмола облысындағы ауылда карантин жарияланды: Бес адам түйнеме жұқтырды деп күдіктелуде

None
None
АҚМОЛА. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында «сібір жарасына» қатысты карантин жарияланды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

16 тамызда аталмыш ауылдан алынған сынамалардың нәтижесінде алдын ала «сібір жарасы» диагнозы қойылып, 17 тамыздан бастап ауылда карантин жарияланды. Дегенмен, зерттеулер әлі де жалғасуда. Толық нәтиже 19-20 тамызда белгілі болуы тиіс.

Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, Ольгника ауылының 5 тұрғыны ауруханаға жатқызылған. Қазір сынамаларға зерттеу жүргізіліп жатыр. Науқастардың жағдайы тұрақты.

«16 тамызда Аршалы ауданының бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы Ольгинка ауылының әкіміне карантин енгізу туралы ұсыныс жолдады. Сенбі күні Ақмола облысы Аршалы ауданының аумағында сібір жарасы ауруларының ошақтарын жою бойынша штаб отырысы өтті. Құрамында 14 адам кіретін штаб ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, денсаулық сақтау басқармасының, жергілікті полиция қызметінің іс-қимыл жоспары қабылданды.

Ольгинка ауылындағы малдар арасында «сібір жарасы» жоқ. Күн сайын жануарларды комиссиялық тексеру жүргізіледі», - делінген ҚР Ауыл шурашылығы министрлігінің сайтына жарияланған ақпаратта.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, Ольгинка ауылының барлық малы сәуір айында сібір жарасына қарсы егілген.

«Ветеринариялық қағидаларды бекіту туралы» ҚР АШМ 2015 жылғы 29 маусымдағы №7-1/587 бұйрығымен бекітілген ветеринариялық-санитариялық қағидалардың 1 параграфының 145-22 тармағына сәйкес, Сібір жарасы бойынша карантин инфекция жойылғаннан және қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін 15 күнтізбелік күн өткеннен кейін алынады. Шамамен қыркүйектің бірінші онкүндігінде карантин алынып, мал мен өнімді тасымалдауға рұқсат етіледі.

Еске сала кетсек, Ольгинка ауылында1998 жылы аталмыш індет шыққан, ауылдан 15 шақырым жерде стационарлық мал қорым бар. Ол қоршалған, арнайы ескерту белгілері қойылған.

Айта кетерлігі, індетті қазақ адамда «түйнеме», ешкіде «кебенек», қойда «топалаң», жылқыда «жамандат», сиырда «қарасан», түйеде «ақшелек» деп атайды.

Соңғы жаңалықтар