Ақмола облысындағы 50 балабақшада санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Прокуратура органдары Ақмола облысындағы 50 балабақшада санитарлық талаптардың сақталмағанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, балабақшалардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы заңнама талаптарын сақтауына талдау жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша жекелеген мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балалардың тамақтану жағдайларына қойылатын талаптардың сақталмағаны анықталды.

«Атап айтқанда, кейбір балабақшаларда екі апталық таңғы асқа ыстық тағам қарастырылмаған. Сондай-ақ, мәзірде тағамдардың қайталануы, қажетті норманы ұсынбау және тағамның кейбір түрлерінің мүлде болмауы тіркелді. 20 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатқан 50 балабақшада санитарлық талаптар сақталмаған», - деді органнан.

Сондай-ақ, мәлім етілгеніндей, талдау қорытындысы бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізілген. Лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылып, анықталған заң бұзушылықтар жойылды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмолада санитарлық нормаға сай келмейтін тамақ өнімінің 79%-ы – импорт тауарлары екенін жазғанбыз.


Соңғы жаңалықтар