Ақмола облысындағы 16 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 16 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жергілікті жүздеген тұрғын еңбекпен қамтылуда. Бұл туралы өңір басшысы С.Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Қорғалжын, Егіндікөл және Астрахан аудандарында болғанда айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Бұл жолы облыс әкімі Қорғалжын, Егіндікөл, Астрахан аудандарында болып, әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап көрді. Ең бірінші, Қорғалжын ауданына ат басын бұрған өңір басшысы, Сабынды ауылындағы орта мектепте өтіп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Биыл ауыл мектебіне мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 92 млн. теңге қаржы бөлініп, ғимарат қалпына келтірілуде. Жөндеу уақытында мұнда 12 жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылған.

Атап айту керек, биыл өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасына 16 білім беру ұйымы атсалысуда. Нысандарды жөндеуге мемлекет қазынасынан 658 млн. теңге бөлінген. Қорғалжын ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімі Сергей Кулагин Сабындыдағы «Астана агро продукт» ЖШС жұмысымен танысты. Ет комбинатының жылына 4500 тонна ет өндіруге қуаты жетеді. Бүгінгі күні кәсіпорын өз өнімін Астана қаласына тасымалдап, Ресей нарығына да жол тартқан. Заманауи кәсіпорынның жұмысын көрген, облыс әкімі ет комбинатының аяқ алысына оң бағасын берді.

Мұнан кейін облыс әкімі Қорғалжын ауданындағы су тазарту стансасында болды. Егіндікөл тұрғындарына ауыз су беретін орталыққа су беру уақытын ұзартып, оған қажетті жұмыстарды сапалы жүргізуді жүктеді. Сапары барысында Сергей Кулагин Қорғалжын ауданында бірнеше мектеп пен аудандық ауруханада болды. Аудан активіне қатысқан облыс әкімі, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруді жетілдіру мен бос қалған ғимараттарды сақтауға баса назар аудару керек, екенін айтты..

Егіндікөл ауданында облыс әкімі Ұзынкөл елді мекенінде болып, ауылдағы мектептің және медициналық амбулаториялық бекеттің жұмысына назар аударды. Аудан орталығында облыс басшысы, бірнеше мектепті аралап, аудандық ауруханада болды. Аурухананы аралаған облыс әкімі, ғимарат келбетін жақсартып, оның айналасын абаттандыруды тапсырды. Егіндікөл ауданының активінде, Сергей Кулагин мал шаруашылығын дамыту үшін қажетті жем-азық мәселесін шешіп алып, ірі қара мен ұсақ малды көбейту қажеттігін түсіндірді.

Астрахан ауданында облыс әкімі жұмыс сапарын елді мекендегі білім беру ошағының бүгінгі ахуалымен танысудан бастады. Новочеркасское елді мекеніндегі мектеп 1971 жылы пайдалануға берілген. Білім ошағына күрделі жөндеу қажет. Сыныптардың терезесіндегі темір торларды алып тастау жөнінде өңір басшысы облыстық білім беру басқармасы басшысы Балым Ізбасароваға тапсырды.

Мұнан кейін Сергей Кулагин былтыр іске қосылған "Астрахан құсы" құс фабрикасының жұмысымен танысты. Жылына 4 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың жұмысы жолға қойылып, өнімі Астана, Петропавл, Көкшетау қалаларында сұранысқа ие. Жаңа фабрика жұмысын көрген аймақ басшысы, кәсіпорынға оң бағасын берді.

Астрахан ауданы орталығында аймақ басшысы, бірнеше мектепті аралап, аудандық ауруханада болды. Былтыр аудандық аурухана ғимарат шатыры мен терезелерін жаңартқан. Әлеуметтік нысанды көрген аймақ басшысы, медициналық мекемені күтіп баптау жұмысына баса назар аудару керек екенін ескертті.

Аудан активінде облыс әкімі, әлеуметтік салаға қаржы тартып, ауылды абаттандыруға атсалысқан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды ауылдарды бірлесіп көтеруге шақырды.

Соңғы жаңалықтар