Ақмола облысында жылына 150 млн. жұмыртқа өндіретін тағы бір құс фабрикасы салынуда

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы «ҚазГерҚұс» ЖШС-де қуаттылығы жылына 150 миллион жұмыртқа өндіретін тағы бір құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Бұл жолы Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша құны 2,3 миллиард теңгеге бағаланған жобаны ағымдағы жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланған.

Мұндағы қаржының негізгі бөлігі аталған бағдарлама арқылы бөлінсе, қалған 20 пайызын серіктестік өзі қосады. Қазір құрылыс жұмыстарының 45 пайызы орындалып, екі корпус тапсырылды. Жаңа фабрикада қазірдің өзінде 150 мың тауық бар. Серіктестік басшылары бір тәуліктік сары ауыз балапандарды Ресейден жеткіземіз деп отыр.

«Біз асыл тұқымды тауық балапандарын негізінен Ресейдің Свердловск қаласынан әкелеміз. Бұл тауықтар көп жұмыртқалауымен ерекшеленеді. Бұл күнде фабриканың өнімі Астана, Алматы және Қарағанды қалалары халқының қажетін өтеуде. Әсіресе, «қазгерліктер» елорда тұрғындары үшін ай сайын 600 мың дана жұмыртқа жеткізіп беріп отыр. Жаңа құс фабрикасы іске қосылған кезде өндіріс көлемін тағы 150 миллион жұмыртқаға артатын болады», - дейді серіктестіктің бас директоры Борис Оздоев.

Еске сала кетсек, бүгінгі таңда елімізге жұмыртқа өндірумен танымал «ҚазГерҚұс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнім көлемі жағынан алдыңғы қатардан көрінуде. Мұндағы алғашқы құс фабрикасы осыдан 6 жыл бұрын, яғни, 2008 жылы іске қосылған болатын. Содан бері серіктестік жылына 150 миллион дана жұмыртқа шығаруда. Қазір мұнда 140 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Фабрикадағы барлық жұмыс жүйесі автоматтандырылған, қол күшін көп қажет етпейді. Осылайша серіктестік халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде қыруар іс тындырып отыр.

Соңғы жаңалықтар