Ақмола облысында жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерге қатысты 7 тәртіптік іс қозғалды - Д.Хайруллин

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерге қатысты 7 тәртіптік іс қозғалды.

Бұл туралы Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде өткен «Адал жол - Честный путь» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинарда облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Дархан Хайруллин мәлім етті.

Оның айтуынша, семинар барысында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымына мемлекеттік қызметшілер арасында жемқорлықты болдырмау,  онымен күресу және алдын алу шаралары түсіндірілді.

Сонымен қатар 2016 жылдың алғашқы тоқсаннында мемлекеттік қызметшілердің арасында осындай заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері де айтылып, бірқатар мемлекеттік қызметшілердің жауапқа тартылғаны сөз болды.

«Жыл басынан бері облыс бойынша мемлекеттік қызметшілерге қатысты барлығы 7 тәртіптік іс қозғалды.  Оның төртеуінде ар-намыс кодексі нормалары бұзылса, біреуі мемлекеттік қызмет саласында заң бұзушылық болып отыр. Барлық іс бойынша нақты шаралар қолға алынып,  кінәлілер тиісті жазасын алды», дейді Д.Хайруллин.

Еске сала кетейік,  ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Ақмола облысында «Адал жол - Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы кең ауқымды марафон өтуде. Осынау шара аясында тақырыптық дебат, жастар флешмобы және мемлекеттік мекемелерде ашық есік күні ұйымдастыру қолға алынған. 

Соңғы жаңалықтар