Ақмола облысында жұмыссыз жүрген азамат «Жұмыспен қамтудың жол картасы- 2020» бағдарламасы аясында кәсіпорын ашты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы Егіндікөл селосының тұрғыны Евгений Завада "Жұмыспен қамтудың жол картасы- 2020" бағдарламасы аясында пеноблок кірпіштерін шығаратын цех ашты. Бұл туралы "Ақмола медиа орталығы" хабарлады.

Евгений Завада осыған дейін аудандағы жұмыссыз жүрген жандардың бірі болатын. БАҚ көздері арқылы "Жұмыспен қамтудың жол картасы- 2020" бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге болатынын естіп, білген ол бірден аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарласады. Ондағылар Евгенийдің бетінен қақпай керісінше бағдарламаға қатыстырып, 2 миллион теңгенің несиесін алуға жәрдем береді.

Осы бағытта ол кәсіпкерлік негізі бойынша арнайы курстан да өтіп, сертификатқа қол жеткізеді. Нәтижесінде 6 пайыздық мөлшерлемемен 4,5 жылға 2 миллион теңге несиесін алып, пеноблок кірпіштерін жасайтын цех ашады.

Осылайша жұмыссыз жүрген азамат бірден "Жұмыспен қамтудың жол картасы- 2020" бағдарламасының арқасында кәсіпкер атанады. Қазіргі кезде өңірде пеноблоктың бір кірпіші 550 теңге тұратынын ескерсек, Евгений Заваданың қолға алған кәсібі табысты болатынына сенім мол.

Еске сала кетсек, Егіндікөл ауданында 2012 жылы 5 адам 12 миллион теңгенің несиесін алса, 2013 жылы бұл көрсеткіш екі еседен асып, 13 адамға 28 миллион теңгенің несиесі берілген.

Соңғы жаңалықтар