Ақмола облысында жүк көлігінен құлаған ер адамды артқы доңғалақ жаншып кетті
2022 жылғы 25 мамыр 00:51

Ақмола облысында жүк көлігінен құлаған ер адамды артқы доңғалақ жаншып кетті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында жүріп келе жатқан «КамАЗ» жүк көлігінің салонынан құлап түскен 48 жастағы ер адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Сандықтау аудандық полиция бөліміне учаскелік полиция инспекторы хабарласып, Мәдениет ауылынан екі шақырым жерде жергілікті тұрғынның қаза болғанын айтқан.

«Айтылған жерге жеткен жедел-тергеу тобы жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорнының 48 жастағы жұмысшысының жүріп келе жатқан «КамАЗ» жүк көлігінің салонынан құлап түскенін анықтады. Ер адам құлаған кезде, көліктің артқы дөңгелектерінің астында қалған. Ол алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», - деді ведомстводан.

Қазіргі уақытта Сандықтау аудандық ПБ тергеу бөлімі осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі «Автомобильді, троллейбусты, трамвайды және басқа да механикалық көлік құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Айта кетсек, Ақмола облысында әйел 5-қабаттан құлап көз жұмды.


Jańalyqtar

MURAǴAT