Ақмола облысында жолды қардан тазартпаған 13 лауазымды тұлға жазаланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бір тәулік ішінде автомобиль жолдарына жауапты 13 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. ҚазАқпарат тілшісі бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның дерегі бойынша, өңірдегі автомобиль жолдарында жол апаттарының санын азайту мақсатында тиісті шаралар тұрақты жүзеге асырылуда.

«5 қаңтар күні Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері «Көкшетау - Атбасар» тасжолына жүргізген тексеріс барысында 136-шақырымды қар алып, көлік қозғалысы қиындағаны анықталды. Аталмыш учаскені тазалауға «Қазақавтожол» ЖШС-ның ДЭУ-73 жауапты. Осыған байланысты кәсіпорынның бас инженері ҚР ӘҚбК-нің 631-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биылғы жылдың басынан бері аталмыш күре жолда 1 жол-көлік оқиғасы орын алды. Осының салдарынан 2 адам көз жұмып, 8 адам зардап шекті.

Сонымен қатар, 5 қаңтарда «Екатеринбург - Алматы» тасжолының 1321-шақырымында, яғни Ижевское ауылының маңындағы жол айрығында, сондай-ақ Ақбұлақ, Станционар ауылдары тұсындағы жол бұрылыстарында қардың тазаланбағаны анықталды. Осыған байланысты «Қазақавтожол» ЖШС-ның ДЭУ-47 шеберіне қатысты ҚР ӘҚбК-нің 631-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды», - дейді ведомстводан.

ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, «Жезқазған - Петропавл» күре жолының 378 – 441 шақырымы аралығында, «Нұр-Сұлтан – Ерейментау - Шідерті» тасжолының 108 шақырымында қар басып қалған жол учаскелері анықталып, бұған жол берген «Қазақавтожол» ЖШС-нің ДЭУ-4 және ДЭУ – 92 басшыларына қатысты әкімшілік іс қозағалды.

Жалпы, бір тәуліктің ішінде өңірдегі автомобиль жолдарына жауапты 13 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.



Соңғы жаңалықтар