Ақмола облысында жол апатынан зейнеткер көз жұмды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Екатеринбург – Алматы» автожолында екі көлік бетпе-бет соқтығысып, бір адам көз жұмды, тағы бір адам ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 8 тамыз 15:25 шамасында «Екатеринбург – Алматы» автожолының 1085 шақырымында болған.

Кейін анықталғандай, Нұр-Сұлтан қаласы бағытында жүріп келе жатқан Сандықтау ауданы Владимировка ауылының 64 жастағы тұрғыны тізгіндеген «Mercedes-Benz» автокөлігі жолдың қарсы бағытын шығып кеткен. Сөйтіп Рудный қаласының 33 жастағы тұрғыны басқарған «Volkswagen Touareg» көлігімен соқтығысқан.

«Жол апаты салдарынан «Mercedes-Benz» автокөлігінің жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, ал оның жолаушысы түрлі дене жарақатымен Астрахан ауданының орталық ауруханасына жеткізілді», - деді ведомстводан.

Полиция департаменті баспасөз қызметінен атап өткендей, қазіргі кезде, жол апатына байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Айта кетсек, бұдан бұрын қызғаныштан әйелін пышақтап өлтірген көкшетаулық 9 жылға сотталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар