Ақмола облысында жерді тиімді пайдалану тәсілдері енгізілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жалпы аумағы 96 982 гектар 167 жер телімі ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді, Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бауыржан Ерназаровқа сілтеме жасап хабарлайды.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде пилоттық жоба шеңберінде жерді пайдалануда ғарыштық мониторинг енгізілуде. Бұл функцияны жүзеге асыру үшін жерді қашықтықтан зондтау мәліметтерімен, сондай-ақ, мемлекеттік ақпарат жүйесінен және электрондық ақпараттық ресурстардан алынған мәліметтермен тізілім көзі толықтырылып отыр.

«Бүгінгі күні аймақтың жер қоры 14 613,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің үлесі 74 пайыз немесе 10 822,1 мың гектар. Елді мекендердің жерлері 1 325,4 мың гектарды, өнеркәсіп, көлік, байланыс және өзге де ауыл шаруашылығынан тыс жерлер 136,1 мың гектарды алып жатыр», - дейді Б.Ерназаров.

Сонымен қатар, басқарма басшысы жер қорын талдау және аукцион өткізу бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы айтты.

«Облыстық жер қатынастары басқармасы көрсететін жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 12 бірлікті құрайды. Осы мемлекеттік қызметтің жетеуі «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық нысанда көрсетіледі. Жыл басынан бері басқарма 35 мемлекеттік қызмет көрсетті. 2019 жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы айналымына көлемі 96 982 гектар 167 жер учаскесі тартылды. Оның ішінде егістік – 16 677 гектар, жайылым – 78 644 гектар, шабындық жер – 276 гектар, өзге де алқаптар – 1385 гектар. Аукциондар арқылы 430 жер учаскесі сатылды. Мемлекеттік бюджетке бұдан 902 миллион теңге қаржы түсті. Бүгінгі күні Ақмола облысының аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру құқығы тұрғысында 164 келісім-шарт жұмыс істейді. Жыл басынан бері жер қойнауын пайдаланушылардан ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеу ретінде бюджетке шамамен 20,6 млн теңге құйылды», - дейді Б.Ерназаров.

Соңғы жаңалықтар