Ақмола облысында жер қатынастары саласының қызметкері алаяқтық күдігіне ілінді

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісіне қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тергеу барысында анықталғандай, мемлекеттік қызметші өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жеке кәсіпкер өкілінен қосымша жер учаскесіне жалдау құқығын беруге көмектескені үшін алдау жолымен ақшалай қаражат алған. Сонымен бірге, ол жер учаскесін басқа кәсіпкерге бөлу кезінде де осындай заңсыз әрекеттерді жасаған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр», - деді жергілікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметінен.

Ведомстводан атап өткендей, осындай құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жергілікті атқарушы органның атына сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою бойынша шаралар қабылдау туралы (ҚПК-нің 200-бабы тәртібімен) ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға қосымша жер учаскелеріне құқық алу тәртібін регламенттейтін жер заңнамасына түзетулер енгізуге бастамашылық ету, осындай жерлерді беру туралы азаматтардың өтініштерін қарау алгоритмін әзірлеу, өтініш берушілер ұсынатын құжаттар тізбесін айқындау ұсынылды.

Сонымен қатар, өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі әкімдік қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру кездесуін өткізді. Онда жер қатынастары саласындағы маңызды проблемалық мәселелерге назар аударылды, бұл туралы қылмыстық-тергеу тәжірибесі куәландырады, өйткені 2022 жылдың 1 жартыжылдығында ғана аталған салада алаяқтық пен парақорлыққа байланысты 7 қылмыстық іс тіркелді.

«Жер заңнамасындағы олқылықтар мен ашықтықтың болмауы жосықсыз шенеуніктерге бизнеске жасанды түрде кедергі жасауға мүмкіндік береді. Соның салдарынан кәсіпкерлердің құқықтарына қысым жасалады, бұл мемлекеттік органдар үшін өте қолайсыз. Осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ бағыныштыларға тиісті бақылау орнату қажет», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының басшысы Арман Рахимов.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында өсімдіктер карантині жөніндегі инспектор жалған сертификаттар бергенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар