Ақмола облысында жемқорлыққа қарсы мурал пайда болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында өңірдегі алғашқы мурал пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Мурал «Адалдық алаңы» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен салынды. Абылай хан даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі арт-нысан парасаттылық қағидатын насихаттауға және сыбайлас жемқорлықтан бас тартуға үндейді.

«Қызмет көрсетсін деп дара бөлек,

Пара берсе «жоқ» дейтін сана керек,

Өтінемін, адал болшы, айналайын,

Бізге байлық емес, бала керек!» - осындай сөздермен үйдің қабырғасында бейнеленген аға буын өкілі кішіге жүгінеді.

Облыстық департамент басшысы Мұрат Төлеубаевтың айтуынша, Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен құрылған бұл композиция елдегі қазіргі жағдайда аса өзекті.

«Азаматтар эпидемиологиялық жағдайға байланысты түрлі қиындықтарға тап болған кезде, кейбір жосықсыз адамдар қалтасын басқалардың есебінен толықтыруға тырысады. Осы тұрғыда облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Сондықтан біз қоғамды әрдайым парасатты өмір салтын ұстануға, сондай-ақ өскелең ұрпаққа моральдық құндылықтарды сіңіруге шақырғымыз келеді», - деді Мұрат Төлеубаев.

Соңғы жаңалықтар