Ақмола облысында жемқор дәрігерге ірі көлемде айыппұл салынды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Есіл аудандық аураханасының бас дәрігеріне 2,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Есіл аудандық сотының үкіміне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылы Наурыз мерекесі алдында 61 жастағы Есіл аудандық ауруханасының бас дәрігері киіз үй үшінде 40 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталған болатын.

Сотта анықталғандай 2018 жылдың ақпан айында жеке кәсіпкердің өкілі Есіл аудандық ауруханасына мобильді төлемдерді қабылдайтын терминал орнату жөнінде бас дәрігерден рұқсат сұрайды. Аурухана басшысы рұқсат береді. Терминал орнатылады. Алайда, алғашқы терминал орнатылғаннан кейін бас дәріргер «мәселенің оң шешілуі үшін» 40 мың теңге пара сұрайды.

Жеке кәсіпкердің өкілі оған келісіп, бірден жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінеді. Кейін 20 наурызда Есіл қаласындағы орталық алаңда Наурыз мерекесі алдында орнатылған киіз үйдің ішінде алдын ала келісілген соманы алып жатқанда бас дәрігер қолға түседі.

Осылайша, ҚР ҚК 366 бабының 2 бөлігі бойынша айыпталған бас дәрігерді сот істеген қылмысына өкінгенін ескеріп, алған парасына 60 есе көлемде, мүлкін тәркілеусіз 2400000 теңге айыппұл салды. Оған қоса, бас дәрігер өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар