Ақмола облысында жеке кәсіпкер өз қаржысына 50 орындық балабақша салып берді

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Аршалы ауданында жеке кәсіпкер өз қаржысына балабақша салып берді. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.

Бүгінгі күні Ақмола облысында әлеуметтік сала мәселелерін тиімді шешу бірінші кезекке қойылған. Әсіресе, өте көкейкесті болып табылатын мектеп, балабақша құрылысына жете мән берілуде. Бұл орайда, тек Үкімет тарапынан немесе облыстық бюджеттен бөлінетін қаржыға ғана иек артып отырмай, бизнестің де әлеуметтік жауапкершілігін назарда ұстау өз нәтижесін беріп келеді.

Жібек жолы ауылында 50 бүлдіршінге арналған «Бота» балабақшасы пайдалануға берілуі осыған айқын дәлел. Аталмыш нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Қанат Қарауылов, аудандық мәслихаттың хатшысы Юрий Сериков ата-аналарды және жаңа балабақша ұжымын осынау қуаныштарымен құттықтап, бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жалғасатынын жеткізді.

Сондай-ақ, ауыл ақсақалдары Ғабдууахит Жолмұхаметов пен Григорий Дойников та аудан басшылары мен құрылысшыларға ауыл үшін өте қажет нысанның құрылысын сапалы аяқтағандары үшін алғыстарын білдірді.

Осы орайда, өз қаржысына осындай балабақша салып берген жеке кәсіпкер Құралай Әлімбекованың бұл игі бастамасы мүмкіндігі мол басқа да іскер азаматтарға үлгі болмақ.

Соңғы жаңалықтар