Ақмола облысында жайылымдық жерлердің тапшылығы байқалады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жеке ауладағы малды жаю үшін жайылымдық жерлердің тапшылығы байқалып отыр. Бұл туралы брифингіде облыстық жер қатынастары басқармасы жер қатынастарын реттеу және үйлестіру бөлімінің басшысы Римма Қарымсақова мәлім етті.

Оның айтуынша, Ақмола облысында барлығы 605 елді мекен бар болса, жеке аулаларда 811,4 мың ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген. Оның 250,6 мыңы ірі қара, 43,2-сі ұсақ мал, 12,8-і жылқы.

«Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі бұйрығына сәйкес жайылымдардың тапшылығын есептеу нәтижелері бойынша 1,7 миллион гектар алаңда жеке ауладағы малды жаю үшін жайылымдық алқаптардың тапшы болып отыр. Есептеулерге сәйкес жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін жайылымдық алқаптарда тапшылық облыстың барлық өңірлерінде бар. Елді мекендердің жалпы санынан жайылымдық жерлердің 100 пайыздық тапшылығы Аршалы, Егіндікөл, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Шортанды аудандары мен Степногорск қаласы тәрізді 7 өңірде байқалады. Қалған өңірлерде тапшылық 58 пайыз және одан жоғары деңгейде байқалады», - деді Римма Қарымсақова.

Сонымен бірге, облыстық жер қатынастары басқармасы жер қатынастарын реттеу және үйлестіру бөлімінің басшысы жергілікті әкімдіктер тарапынан қордаланған мәселені шешу бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

«Мәселен, 2021 жылы 33,0 мың гектар іргелес жерлер елді мекендердің шекараларына енгізілді, баламалы жер учаскесін беру арқылы 2,1 мың гектар жайлымдық жер қайтарылып алынды, 0,7 мың гектар жерге келісімшарт ерікті түрде бұзылды, жеке тұлғаларға шөп шабу және мал жаю үшін 14,7 мың гектар көлемінде жер берілді, 13 мың гектар алқапта орман шаруашылығы мекемелерімен халықтың жайылымдарды пайдалануына рұқсат етілген шарттар жасалды. Сондай-ақ, елді мекендерге жергілікті халықтың пайдалануы үшін 154,2 мың га жайылымдық жерлер бекітілді», - деп толықтырды Римма Қарымсақова.

Осы ретте, әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында 2020 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жерді бірлесіп пайдалану туралы меморандумға қол қойылды. Қалалар, ауылдық округтер мен кенттер әкімдері 2022 жылға 545,6 мың гектар жерге 209 меморандум жасасқан. Осы жылы жергілікті атқарушы органдар елді мекендер шекарасына көлемі 18, 9 мың гектар жерді қосу жөнінде іс-шаралар жүргізуді және ауылдық округтерге 5,8 мың гектар жерді бекітуді жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар