Ақмола облысында жасыл белдеуді дамыту жұмысы жалғасып жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы жасыл белдеуді дамытып келеді. Аймақ бұл экологиялық шараға 2009 жылдан бері белсенді атсалысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, жасыл белдеу жобасы Нұр-Сұлтан қаласының айналасын Орталық Азияда теңдесі жоқ ерекше орманды алқапқа айналдыруға мүмкіндік береді.

Бірегей жобаның басталғанына 23 жыл өтті.

Адам қолымен жасалған орман саябағы жазық даланың сортаң және жартылай батпақты топырағының жаңа аумақтарына жайыла отырып, көлемін ұлғайтып отыр.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ақпараты бойынша, 2025 жылға дейін 65 миллион ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.

Жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың жылдық тұқым қоры бір жарым тоннаны құрайды. 2021 жылдан бастап тұқым көлемін төрт тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Осы ретте, Ерейментау ауданын алатын болсақ, биылғы көктемде 1000-ға жуық ағаш отырғызылды.

Ерейментау қаласының орталық алаңының маңындағы қала саябағында, ауданның құрметті ардагерлері мен аудандық мәслихатының депутаттары шырша отырғызды.

«Жайдарлы жаздың сәні болған ағаштардың көбейуі табиғаттың тынысын кеңейтетіні мәлім. Бұл қоршаған ортаға деген құрмет әрі табиғатқа деген махаббаттың көрінісі. Келешек ұрпаққа біз аман етіп қалдыратын ең басты құндылық ол жасыл аймақ пен тынысы кең табиғат. Жыл сайын бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, ағаш отырғызатын орындарды көбейтпек жоспарымыз бар», - деп атап өтті ардагер Манап Әдірешов.

Елге елеулі еңбегін сіңіріп, бүгінде ел ағасы болып жүген ардақты ардагерлер мен халақ қалаулысы болып сайланған дарабоз аудан депутаттарының бұл бастамасы өскелең ұрпаққа өнеге болмақ.

Атап айтсақ, Ақмола облысының орман қоры - 1,1 миллион гектар, соның ішінде үштен бір бөлігі (384,2 мың гектар) - орманды алқап.

Жергілікті атқарушы органдардың құзырында 405,4 мың гектар (оның ішінде 224,1 мың гектар орманды алқап) бар.


Соңғы жаңалықтар