Ақмола облысында жастар арасында жұмыссыздықты жою мәселелері талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында жастарды, оның ішінде NEET санатындағыларды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту бойынша өңірлік бағдарламаларды орындау бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Статистикалық деректерге қарағанда, Ақмола облысы бойынша 15-28 жастағы NEET санатындағы жастар саны – 11470 адамды құрайды, өйткені Бұл санатта бала тууға байланысты демалыста жүрген жас әйелдер, маусымдық қызметкерлер мен мүгедектер (ҚР бойынша 8,9%, 6,7%) бар, алайда жастар ресурстық орталықтары жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша олардың нақты саны-2421 жасты (1,4%) құрайды, бұл көрсеткіш 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 265 адамға аз (бұрын-2686 (2%). NEET санатындағы жастардың деректер базасы тоқсан сайынғы негізде өзектендіріледі.

«NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Осы мақсатта облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламалар үйлестіру басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы бірлесіп осы санаттағы жастарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде», - деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова.

Ол атап өткендей, 2022 жылдың қаңтар айында облыстың жастар ресурстық орталықтары 94 адамды жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетті, сондай-ақ түрлі мәселелер бойынша 416 жас адамға кеңес берілді. (2021 жылы 3375-тен астам жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетілді, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы түрлі мәселелер бойынша 10533 мың адамға кеңес берілді.) Осы жұмысты жүргізу үшін Жастар ресурстық орталықтарында осы санаттағы жастармен тікелей жұмыс жүргізетін штаттық психологтар бар. Мысалы, пандемия кезінде NEET санатындағы жастарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына онлайн-психологиялық көмек және қолдау көрсетілді.

«2021 жылы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы 3 миллион теңгеге «Құқық» қоғамдық қоры арқылы «өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды іске асыру (NEET санатындағы жастардың үлесін азайту)» мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тақырыптық лотты қарастырып, іске асырды. Сонымен бірге, «Зерделі ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігі 3 миллион теңге сомасына «нашақорлықтың алдын алу және есірткіге тәуелді азаматтарды, оның ішінде жастарды қолдау орталығын ұйымдастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде лоты іске асырды», - деп қосты Алтынай Әміренова.

Брифингте айтылғандай, жоғарыда аталған жобаларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында биылғы жылы да жүзеге асыру жоспарланған.

«Жалпы, өткен 2021 жылы жастарды жұмысқа орналастыру және әлеуметтендіру бойынша қабылданған шаралар жастар жұмыссыздығының деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді», - деп түйіндеді Алтынай Әміренова.

Ал, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың айтуынша, 29 жастан аспаған жастар қатарындағы жұмыссыз адамдар үшін, оның ішінде NEET санатынан (дипломсыз алуға болады) бірінші жұмыс орнының ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін ұлғаяды, төлем мөлшері 20-дан (61260 теңге) 30 айлық есептік көрсеткішке (91890 теңге) дейін ұлғаяды. Облыстық бюджеттен 138 азаматты жұмысқа орналастыру үшін жалпы сомасы 152,1 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр.

Айта кетсек, бүгінгі таңда Ақмола облысында 14-29 жас аралығындағы 151 615 мың жас азамат тұрады, бұл облыс халқының жалпы санының 20 пайызы құрайды. Қала жастарының үлесі 56 пайызды (84 мың адам), ауыл жастарының – 44 пайызды (67 мың адам) құрайды.


Соңғы жаңалықтар