Ақмола облысында жаңа емхана мен 300 орындық жаңа мектеп есігін айқара ашты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Целиноград ауданында қос бірдей әлеуметтік нысан - жаңа орталық аудандық емхана мен 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Целиноград ауданындағы Қызылжар ауылының оқушылары үшін алғашқы қоңырау су жаңа мектептің ашылу салтанатымен қатар өтті. Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген бұл оқиғаның шымылдығын ашуға қатысқан облыс әкімі Сергей Кулагин мектеп оқушылары мен осы қуанышқа жиналған қауымды білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша жаңа мектептің құны 804,300 миллион теңгеге бағаланып отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін 2013 жылы «ASTI» ЖШС-мен келісім-шарт жасалған болатын. Қазіргі кезде мектеп құрылысы аяқталып, бүгін пайдалануға беріліп отыр.

Ғимараттың жалпы аумағы 10671,7 шаршы метр, ал, құрылыс аумағы 3116,5 шаршы метрді құрайды. Мемлекеттік тілде оқытылатын 300 балаға арналған мектеп ғимаратында оқушылардың қазіргі заманға сай білім алуларына барлық жағдай жасалынған. Жаңа мектепте зертхана, тілдерді оқыту сыныбы, спорт зал, мәжіліс залы, асхана және шағын орталығы жұмыс істейді. Биылғы оқу жылы аталған білім ордасында барлығы 210 оқушы білім алады деп жоспарланған болса, оның 30-ы шағын орталыққа тәлім-тәрбие алуға келген бүлдіршіндер. Қазіргі кезде мектеп аумағы абаттандырылып, ағаш көшеттері отырғызылуда.

Сонымен қатар, осы күні аудан орталығы - Ақмол селосында бір ауысымда 250 науқасты қабылдайтын орталық аудандық емхана да есігін айқара ашты. Мұндағы көпсалалы емхана қазіргі заманғы диагностикалық (рентгенологиялық, флюорографиялық аппарат, зертхана, эндоскопы құралы, ультрадыбысты дигностика аппараты, АД және ЭКГ тәуліктік мониторинг жүргізу аппараты) және қазіргі заманғы физиотерапевтік құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Медициналық мекеменің құрылысы 606 779,9 мың теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ, емханада 137 адам жұмыс істейді. Оның 42-і дәрігер болса, 60-ын орта буын медициналық қызметкерлер құрайды.

Соңғы жаңалықтар