Ақмола облысында зауыт аумағында газ-ауа қоспасы жарылып, ер адам зардап шекті

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Бұланды ауданындағы «Макинск жылу оқшаулау зауыты» ЖШС-нің сұйытылған көмірсутек газын сақтауға арналған резервуарлық паркі аумағында газ-ауа қоспасы жарылып, 48 жастағы ер адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылыс бүгін сағат 11:50-де болған.

«Жарылыс салдарынан 1974 жылы туған ер адам жарақат алды. Қазіргі кезде оның жағдайы орташа, денесінің 40 пайызы термиялық күйікпен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Жарылыстың болжамды себебі – сұйытылған көмірсутекті газ резервуарларына құю ережелерін бұзу. Қазіргі уақытта полиция органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр», - деді департамент бастығы Нұрлан Атығаев.

Ведомстводан атап өткендей, оқиғаға орнына Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 8 адам және 2 техника тартылды. Сағат 12:09-да өрт ауыздықталып, сағат 12:25-те сөндірілді. Өрт аумағы – 10 шаршы метр.

Осы ретте, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмолада жұмыс істеп тұрған желдеткішті сүртпекші болған жұмысшы қолынан айырылған еді.


Соңғы жаңалықтар