Ақмола облысында заң бұзған мәдениет үйінің директорына айыппұл салынды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Жарқайын аудандық Мәдениет үйінің директоры мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Прокуратураның мәліметі бойынша, Жарқайың ауданының прокуратурасымен Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Жарқайың аудандық мәдениет үйі» МҚКК-да осы заңнаманың сақталуы туралы тексеріс жүргізіліп, онда Мәдениет үйінің директоры А.Силеухадырдың лауазымды тұлға бола тұра, қызметтік міндеттерін адал атқармағаны және бірқатар әкімшілік құқықбұзушылықтарға жол бергені анықталды.

Жарқайың аудандық Мәдениет үйінің директоры А.Силеухадыр және «Риэтл-Кредит-Сервис» ЖШС директоры А.Қабыкенов арасындағы 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №40 шартқа сәйкес, соңғысы сол жылдың 10 қазанына дейін аталған Мәдениет үйінің ғимаратының жайларына 3 132 112 теңге көлемінде сомаға ағымдағы жөндеу жүргізуге міндеттелген, қаржысы да төленді. Алайда, тексеру барысында «Риэтл-Кредит-Сервис» ЖШС-нің шартта көрсетілген құрылыс жұмыстарын орындамағаны анықталды. Осыған байланысты тапсырыс беруші 2014 жылдың 17 қаңтарында «Риэтл-Кредит-Сервис» ЖШС-нің директорына сотқа дейін реттеуге хабарлама хат жолдаған.

Ал, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 11 бабының 5-тармағына сәйкес, тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өзіне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мұндай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаппен сотқа жүгінуге міндетті.

Алайда, заңның көрсетілген нормаларын бұзуда тапсырыс беруші «Риэлт-Кредит-Сервис» ЖШС-нен әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы мәселеге бастама жасамай айыпақыны, мемлекеттік баж салығын өндіріп алу туралы талапарызбен Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2014 жылдың 5 ақпанында ғана жүгінген. Осылайша, өзінің әрекеттерімен А.Силеухадыр лауазымды тұлға бола тұра мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзуға жол беріп, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 167-бабының 8 бөлігімен көзделген құқықбұзушылық жасаған.

Аталған факті бойынша Жарқайың ауданы прокуратурасымен өндірістік іс қозғалып, Ақмола облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясына қарау үшін жолданды. Нәтижесінде, қаржылық бақылау инспекциясы бастығының 2014 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен А.Силеухадырға 30 АЕК, яғни 55 560 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар