Ақмола облысында ұстаздар қауымына құрмет көрсетілді (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Сергей Кулагин қазан айының бірінші жексенбісі - Ұстаздар күні қарсаңында Бурабайдағы «Інжу» мейрамханасында өткен салтанатты шараға қатысып, өңірдегі бір топ ұстаздар қауымына құрмет көрсетті.

Өзінің құттықтау сөзінде аймақ басшысы еліміздің білімді ұрпағын тәрбиелеуде мұғалімдердің еңбектеріне ерекше тоқталды. «Бұл мерекенің жөні басқа, жолы бөлек. Ұстаздар қауымы үшін қазан айының бірінші жексенбісі - ерекше есте қалатын күн. Бұл өмірдегі адал да ең ізгі ниетті жан - ұстаз. Әрбір адам үшін мұғалімнің орны ерекше болуы тиіс. Әрбір жарқын істердің бастаушысы да өздеріңіз болып табыласыздар. Қазіргі таңда Елбасымыз да білім саласының дамуына айрықша назар аударуда. Түлектердің шет елде білім алуы үшін де бар жағдай жасалған. Сондықтан білім саласының айрықша дамуына біздер де атсалысуымыз керек», - дей келе, облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасароваға жаңа пәтердің кілтін тапсырды. Сондай-ақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған №3 Сандықтау балалар үйіне екі бірдей автобус сыйға берілді. «Еңбек елеусіз қалмайды» дегендей, осынау жарқын сәтте бірқатар ұлағатты жандар облыс әкімінің Алғыс хаты және өзге де марапаттарға ие болды. Кездесу барысында Сергей Кулагин ұлылықтың ұйытқысынан жаралған ұстаздарға баянды бақыт пен шығармашылық табыс тіледі. Мұғалімдерге облыс әкімінің атынан гүл шоқтары табыс етіліп, сый-құрмет көрсетілді. Бағдарлама мерекелік концертке ұласып, жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, ақ пейілді, ақжарқын бала жанының бағбандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Соңғы жаңалықтар