Ақмола облысында ұрыларды соңынан қуып, оқ атқан 29 жастағы ер адам өзі істі болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «ұрыларды» соңынан қуып, оқ атқан 29 жастағы ер адам өзі қылмыстық жауапкершлікке тартылатын болады.

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Полицейлердің мәліметі бойынша, 29-шы қазан күні Ерейментау аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне 29 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, үш белгісіз адамның «МТЗ-80» тракторының дөңгелегін және бір қойды «Фольксваген-Пассат» көлігіне артып, тайып тұрғанын айтып шағымданған.

Осы кезде, зардап шегуші танысын алып, «Ауди-В4» көлігімен «ұрылар» отырған «Фольксваген-Пассат» көлігін қуып жетіп, дөңгелегіне оқ атқан. Мылтықтың дауысынан шошынған ұрылар көлікті тастап қашқан.

Ер адамның сөзіне қарағанда 12 калибрлі «ИЖ-18М» мылтығы тіркелмеген және оны осыдан 10 күн бұрын мал бағып жүргенде Жолбасшы ауылының маңынан тауып алған.

Ал, ұрлыққа күдікті деген 27-28 жас аралығындағы жігіттердің айтуынша, олардың ұрлыққа еш қатысы жоқ, Ерейментау ауданының Ақмырза ауылынан шығып, таныстарын жеткізіп салып қайтып келе жатқанда Жолбасшы елді мекенінде тұратын бұрынғы таныстарына соққан. Кейін Павловка ауылына бет алған.

Тергеу амалдары барысында «МТЗ-80» тракторының дөңгелегі мен қойдың ұрланғаны анықталмады.

Осыған орай, бүлінген «Фольксваген-Пассат» көлігіне қатысты 29 жастағы ер адамның үстінен ҚР ҚК 202-бабының 1-бөлімі бойынша (біреудің мүлкіне қасақана зиян келтіру немесе жою) қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар, 12 калибрлі «ИЖ-18М» мылтығына баллистикалық сараптама тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар