Ақмола облысында Түркия азаматы көлігімен локомотивке соғылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Түркияның 34 жастағы азаматы тізгіндеген «Mercedes» көлігі локомотивпен соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 22 қаңтарда Есіл аудандық ПБ кезекші бөліміне белгісіз адам хабарласып, Есіл ауданының Ақсай ауылы маңында жол-көлік оқиғасы болғанын айтқан.

«Тексеріс барысында анықталғандай, «Жақсы-Есіл-Бұзылық» автомобиль жолының 71-шақырымында Түркияның 34 жастағы азаматы тізгіндеген «Mercedes» көлігі күзетілмейтін теміржол өткеліндегі бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан, жолды кесіп өтпек болған. Осы кезде 51 жастағы машинист басқарып келе жатқан локомотив көлікпен соқтығысқан. Зардап шеккендер жоқ», - деді ведомстводан.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары Түркия азаматына қатысты ҚР ҚК-нің 610-бабы 1-бөлігі («Адамдардың денсаулығына зиян келтіру, көлік құралдарын немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеліп соқтырған көлік құралдары жүргізушілерінің жол ережесін бұзуы») бойынша әкімшілік хаттама толтырды.


Соңғы жаңалықтар