Ақмола облысында туризм саласын дамытудың негізгі бағыттары анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында туризм саласын дамытудың негізгі басымдықтары анықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Марат Иғали айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марат Иғалидің айтуынша, Ақмола облысы демалыс орындарына бай, Қазақстан Республикасындағы туристік аймақтардың үздік бестігіне кіреді.

«Өңірде туризм саласында 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Алдын ала мәліметтер бойынша, өткен жылы Ақмола облысына 1 миллионнан астам турист келді, деп атап өтті Мара Иғали. - Облыстың туристік инфрақұрылым дамыту шеңберінде 2018 жылы құны 4,3 миллиард теңге болатын 32 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 340 жұмыс орны ашылды. Облыс аумағында «Бурабай», «Бұйратау», «Көкшетау» тәрізді 3 мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы және 900-ға жуық мәдени ескерткіш бар».

Сонымен қатар, аймақ басшысының орынбасары Ақмола облысы әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ арасында келісім арқылы облыс аумағында «KazWay» модульді типті, халықаралық стандарттарға сай 9 сервистік павильон орнатылғанын атап өтті. Оның сөзінше, туристік салада «Щучье-Бурабай» курортты аймағын дамытуға ерекше мән беріледі.

Бурабай курортының тартымдылығын арттыру және бизнесті тарту арқылы жыл бойына жүктемені қамтамасыз мақсатында «Four seasons» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Визит орталығында тарихи-өлкетану мұражайы және Ботай мәдениеті мұражайы құрылып, «Жайлау» этноауылы және автокемпинг ашылды. Стрит-фут желісі (20 сауда павильоны) ұйымдастырылды. «AsiaWaters» компаниясы «Qulager Burabay» емдік-ас суымен туристік нысандарды қамтамасыз етуді қолға алды. «Hotel Plaza» қонақүй кешенінде еліміздегі тұңғыш «Туризм және сервис академиясы» ашылды.

Қызмет құнын азайту мақсатында турпакеттерді 50 пайызға дейін арзанға сататын «Burabay City Pass» электронды желісі іске қосылды. Бурабай кентінде (14 га) жаңа шағынауданның құрылысы басталып, орталық алаң мен көшелер абаттандырылды. Бурабай көлінің жағажай аумағында 2 аллея салынып, қатты тұрмыстық қалдықтарды екі бөліп жинайтын жоба жүзеге асырылуда. «I love Burabay» шағын суәлет ескерткіштері мен ақпараттық белгілер орнатылды.

«Осы басымдықтар арқылы алдағы жұмыстарымыздың басты бағыттары анықталды. Оның бастыларының бірі - «Щучье - Зеренді» авто жолының құрылысы. Туристік нысандардың қолжетімділігін арттыру және ондағы қызмет құнын арзандату бағытында туристік нысандарға сертификат беру шарасы қолға алынуда. Туризм саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан өңірлері мен Ресейдің шекаралас аймақтарымен әріптестік аясы кеңейе түсуде. Өңірдің туристік әлеуетін арттыруда әлеуметтік желі белсенді тартылатын болады», - деп толықтырды М.Иғали.

Соңғы жаңалықтар