Ақмола облысында тұрғынды ұрған әкім жауапқа тартыла ма

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшылығы Астрахан ауданы Острогорск ауылдық округінің әкімі Т. Құрман туралы әлеуметтік желідегі жарияланымға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейнежазбада Астархан ауданындағы Новый Колутон ауылының тұрғыны ұлын ұрған Астрахан ауданы Острогорск ауылдық округінің әкімі Т. Құрманды жазаға тартуды сұраған. Әлеуметтік желіде желдей ескен бейнежазба кейін өшірілген. Дегенмен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті тексеріс жүргізіп жатыр.

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті әлеуметтік желілерде Астрахан ауданы Острогорск ауылдық округінің әкімі Т. Құрманға қатысты көрініс тапқан жарияланымдар бойынша істің мән-жайларын зерделеп жатыр. Зерделеу нәтижелері бойынша қызметшінің іс-әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі. Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы қажет екендігін хабарлаймыз», - деп түсіндірді департамент басшысының орынбасары Дархан Хайруллин.

Айта кетсек, бұдан бұрын тұрғындарды желіде балағаттаған Щучье әкімі қатаң сөгіс алғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар