Ақмола облысында тұңғыш рет өңірлік жәрмеңке-көрме өткізілмек

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тұңғыш рет «Қазақстанның үздік тауары» байқауы шеңберінде «Ақмола өнімдері» өңірлік тауар өндірушілердің жәрмеңке-көрмесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылдың 28 шілдесінде Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтетін жәрмеңке-көрмеге облыстың әр өңіріндегі 100-ге жуық тауар өндіруші қатысады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде Атбасар, Бурабай, Шортанды, Целиноград, Зеренді, Астрахан, Аршалы, Ақкөл аудандары және Степногор қаласындағы барлығы 54 компания қатысуға тілек білдіріп отыр. Олардың арасында «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС, «Көкшетау сүт зауыты» ЖШС, «CAPITAL PROJECTS LTD» ЖШС, «ҚазОрман компаниясы» ЖШС, «Aurora Garden Group» ЖШС, «AZAM-KC» ЖШС және «Ижевский» өндірістік кооперативі сияқты тауар өндірушілер бар.

Жәрмеңке кезінде қатысушылар мен қонақтарға ет, сүт, ұн, кондитерлік өнімдер мен сәндік қолданбалы өнер туындылары тәрізді өңірде шығарылатын отандық өнімдер жеңілдетілген бағамен саудаға шығарылады.

Оған қоса, ұтыс ойыны ұйымдастырылып, тұрмыстық техникалар мен сыйлыққа сертификаттар ойнатылатын болады.

«Осындай ауқымды шараны қолға ала отырып, біз жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін тұтынушыларға ұсынамыз. Оған қоса, кәсіпкерлер бизнестегі әріптестерімен бетпе бет жүздесіп, нарықта болып жатқан жаңалықтармен бөлісе алады. Осылайша, жақын араласу арқылы бизнестің жаңа түрін бастап, қолда барын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ең бастысы кәсіпкерлер әріптестері өндіріп жатқан өнімдермен жақын таныса алады», - дейді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахипбеков.

Еске сала кетейік, елімізде жыл сайын ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы байқауы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы ұйымдастырылып келеді. Оған ақмолалық тауар өндірушілерде қатысып, үздіктер қатарынан көрінуде.

Соңғы жаңалықтар