Ақмола облысында төтенше жағдай режімі енгізіле ме – ТЖК жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауа райының қолайсыздығына байланысты 3 күннің ішінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдар 106 рет жабылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының міндетін атқарушы Марат Көлдіков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстан аумағындағы ахуал күрделі болып тұр. Осыған байланысты бүгінге дейін республикалық және облыстық маңызы бар жолдар 106 рет жабылды. Елдің 10 өңірінде 93 рет дауыл соғатындығы ескертілді», - деді Үкімет отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Марат Көлдіков.

Оның дерегінше, қаңтардың 24-27 күндері аралығында қар құрсауында қалған 2 мыңнан астам адам құтқарылды. Мұнан бөлек, қарға батқан 2 мыңнан астам техника шығарылды.

«Төтенше оқиғалардың басым бөлігі елордада, Ақмола мен Қарағанды облыстарында орын алды. Ал Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жолдардың жекелеген учаскелері ғана жабылды. Осыған байланысты республика бойынша елдің 9 өңірінде 10 жедел штаб құрылды. Павлодар облысы мен Щучье бағытында көлік қозғалысында проблема туындап тұр. Төтенше жағдай режімі Нұр-Сұлтан қаласында ғана жарияланған. Ақмола облысында төтенше жағдай режімін енгізу мәселесі қарастырып жатыр», - деді ол.

Марат Көлдіковтің дерегінше, кеше түні сағат 3-те Нұр-Сұлтан мен Щучье арасындағы жолда тағы да көліктер қалып қойған. 140 техника мен 382 адам Ақкөл қаласына жеткізілген.

«Қазір адамдар Мәдениет сарайы мен жергілікті колледж ғимаратын паналап отыр. Оларға демалатын орын, тамақ берілді. Жалпы біздің тарапымыздан 1 230 маман мен 665 арнайы техника жұмылдырылған», - деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.


Соңғы жаңалықтар