Ақмола облысында топырақ басып қалған 59 жастағы жұмысшы көз жұмды

None
Фото: Ақмола облысы ПД
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында су құбырын тартып жатқан 59 жастағы ер адам топырақтың астында қалып көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай Ақкөл қаласының «Наука-1» саяжай алабында сантехникалық жұмыстары кезінде болған.

Бұл жайында Ақкөл аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті медбике хабарлап айтқан.

«Белгілі болғандай, 59 жастағы ер адам шілденің 27-де сағат 16:30 шамасында үй иесімен ауызша келісім негізінде ені 1,5 метр, тереңдігі 2 метр шұңқырға түсіп, су құбырын тартпақшы болған. Осы кезде шұңқырдың жоғары қабатындағы топырақ опырылып, ер адамды басып қалған. Ол алған дене жарақатынан сол жерде көз жұмды», - деді ведомстводан.

ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, бұл дерек Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша тіркеліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабай тауында аяғын шығарып алған турист құтқарылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар