Ақмола облысында тіл мәртебесін көтеру жөнінде ұсыныстар айтылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Конференцияны Ақмола облыстық соты мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті бірге ұйымдастырды.

«Мемлекеттік рәміздердің ажырамас бөлігі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілдің маңызы туралы біз әрқашан мәселе көтеріп, жылда үлкенді-кішілі жиындарда талқылап, шешім қабылдап жүрдік. Бүгін тіл мәселесін біз жаңа тұрғысынан талқылап, әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасын зерттеу мақсатында жиналып отырмыз»,- деп атап өтті конференцияны ашқан Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір.

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, конференцияда өңірдегі соттарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Бердібай Шалабай, заң ғылымдарының магистрі Ерлан Наурызбаев өз баяндамаcында жергілікті әкімшілікке мемлекеттік тілде шығарылып жатқан құжаттарға мониторинг жүргізу, қазақ тілінде білім беретін оқу орындарының санын көбейту, мемлекеттік қызметшілерге қоғам алдында, БАҚ-та мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету, мемлекеттік тілді білу парыз ғана емес, заңмен міндет етіп көрсету, құқық қорғау органдары жаңа енгізілген заңдарды мемлекеттік тілде талқылау керектігіне баса назар аударды.

Аршалы аудандық сотының судьясы Олжас Шалабаев:

«Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, тілді дамытудың түрлі тәсілін атап өтті, қазақ тілінің дамуы үшін қатаң заң емес, интеллектуалды стратегия керек», – деді.

Ал, адвокат Ардақ Бәтиева мемлекеттік қызметке үміткерлерден тест кезінде мемлекеттік тілді білуін талап ету қажеттігін атап өтті.

«Сот, құқық қорғау органдары, қорғаушы болам деген үміткердің мемлекеттік қызметке өту мақсатында мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау үшін тапсыратын тестілеу сұрақтары есепке алынса оң нәтиже берері сөзсіз және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге зор ықпалын тигізер еді», – деді ол.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров қарарда мемлекеттік тілді қолдану бойынша бақылауды күшейтуге, тіл заңнама нормаларының бұзылуын анықтау және жол бермеу мақсатында барлық шараларды қабылдауға, мемлекеттік органдарға соттарға талап қою арыздарын мемлекеттік тілде жолдау туралы міндеттеме қою сияқты талаптар қарастырылатынына назар аударды.

Айта кетейік, бұл конференция ел егемендігінің мерейтойына орай өңірде өткізілетін бірқатар іс-шараларды толықтырып отыр.


Соңғы жаңалықтар