Ақмола облысында терроризм актісі туралы жалған сөйлегендер ұсталды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында терроризм актісі туралы жалған сөйлеген екі адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, қаңтардың 8-інде сағат 14:52-де Көкшетау қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына облыс орталығының тұрғыны 30 жастағы әйел хабарласып, бейтаныс ер адамның сауда үйлерінің бірінің ғимаратына бомба қойылғанын хабарлағанын айтқан.

«Осыған байланысты Қылмыстық 273-бабы 1-бөлігі «терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері жарылғыш зат таппады. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері жарылғыш заттың салынғаны туралы жалған хабарлама жасаған облыс орталығының 32 жастағы тұрғынын ұстады. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ер адам орташа деңгейде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Күдікті Қылмыстық процессуалдық кодекстің 128-бабы бойынша уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деді ведомстводан.

Бұдан бөлек, қаңтардың 9-да кешкі уақыт 21:25-те «102» арнайы нөміріне Көкшетау қаласының тұрғыны хабарласып, пәтерінде жарылғыш зат қойылғанын айтқан. Бұл жағдай Қылмыстық кодекстің 273-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жарылғыш зат туралы полицияға хабарлаған әйелдің өзі ойдан шығарғаны анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес бұл әйел орташа деңгейде алкогольдік масаң күйде болған. Іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері жарылғыш затты таппады», - деп қосты ведомстводан.

Осы ретте, ақмолалық полицейлер дайындалып жатқан жарылыс, өртеу немесе адамдардың қаза болу, елеулі мүліктік залал келтіру не өзге де қоғамға қауіпті зардаптардың туындау қаупін төндіретін әрекеттер туралы көрінеу жалған хабарлаған адамға 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатын еске салады.


Соңғы жаңалықтар