Ақмола облысында «Тарих ізімен» атты көрме-байқау өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Наурыз мейрамына орай «Тарих ізімен» көрме-байқауы өтіп, жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында Ақмола облысы білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы ұйымдастырған байқауға облыстың 11 ауданы (Атбасар, Астрахан, Бурабай, Зеренді, Есіл, Жарқайың, Жақсы, Қорғалжын, Шортанды, Сандықтау, Целиноград) мен 1 қаласынан (Көкшетау) жалпы саны 57 жас қолөнер шебері қатысты.


Қатысушылардың жұмысы көрмеге қойылды, ал жұмыстарды қорғау ZOOM платформасы арқылы жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, «Құрақ көрпе: тоқыма бұйымдарды көркемдеп өңдеу» аталымы бойынша 29 жұмыс, «Шебер қолдар»: ағашты, сүйекті, теріні көркемдеп өңдеу» аталымы бойынша 23 жұмыс, «Ұсталы ел озар»: металлды көркемдеп өңдеу» аталымы бойынша 5 жұмыс ұсынылды.



Байқауға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Бейнелеу өнері, сызу және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Захай Бибігүл мен «Бейнелеу өнері, сызу және дизайн» кафедрасының оқытушысы Анар Әміржанова, Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің сызу және бейнелеу өнері мұғалімі Гүлбану Бейсенбаева төрелік етті.

«Мен бұл жұмысты 8 наурыз мерекесіне анама арнап жасайын деп ойлағанмын. Сосын осы сайысқа жібердім. Жұмыстың аты «Бәйшешек гүл». Бұл жұмысты жасауға 3-4 күн кетті, бұл гүлді жасауға жұқа түрлі түсті металлдарды пайдаландым. Мен гүл жасауды бұрыннан да қолға алғанмын басқа да жасаған гүлдерім бар олар мектепте көрмеде тұр. Гүлді жасағанда жасанды гүлден үлгі алып қағазға түсіріп, жұқа металлға жабыстырып қиып, арнайы тап салғыштармен бедерлеп, қалыпқа келтіріп жасадым. Гүлдің күлшесі жұқа қаңылтырдан жасалса, сабағын сымнан жасаймын. Осылай гүлдерді өңдеп арнайы лактармен лактап дайын қыламын, жасаған кезде қауіпсіздік ережесін қатаң сақтаймын. Болашақта бұданда күрделі гүлдерді жасаймын», – дейді Шортанды ауданындағы Новокубанка орта мектебінің 7-сынып оқушысы Абзалхан Худабай.

Жүлдегерлер Ақмола облысы білім басқармасының дипломдарымен және алғыс хатпен марапатталады.


Соңғы жаңалықтар