Ақмола облысында сұйытылған газбен қамту мәселесі қалай шешілуде

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысына ақпан айында 7830 тонна сұйытылған мұнай газы жеткізіледі, наурыз айына 8222 тонна жоспарланған. Бұл туралы Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Біржан Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес уәкілетті орган - ҚР Энергетика министрлігі - тоқсан сайын ішкі нарыққа сұйытылған газ жеткізу жоспарын бекітеді. Ақмола облысы бойынша сұйытылған газды ай сайын тұтыну халықтың (автогаз, баллондық газ, ГРУ) және өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктері үшін шамамен 8000 тоннаны құрайды. Жеткізу ТМД өндіруші зауыттардан-«СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Павлодар мұнай - химия зауыты» ЖШС және «Теңізшевройл» ЖШС арқылы жүзеге асырылады.

«Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі тоқсан сайын сұйытылған газдың шекті бағасын бекітеді. Бүгінгі күні министрліктің 2022 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген сұйытылған газдың шекті бағасы ҚҚС-сыз тоннасына 33600 теңгені құрайды және биылғы жылдың 30 маусымына дейін жарамды», - деп атап өтті Біржан Әбдірахманов.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған газды бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеу сақталуда.

2022 жылдың 5 шілдесінде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған мұнай газының шекті бағасын белгілеу туралы бұйрық шығарды.

«Ақмола облысында халық үшін газды өткізу бағасы 70-75 теңге мөлшерінде белгіленді. Сұйытылған газды көтерме және бөлшек саудада өткізуді газ толтыру станциялары мен пункттерінің, автогаз құю станцияларының, топтық резервуарлық қондырғылардың иелері жүзеге асыруға құқылы. Облыста барлығы 10 газ толтыру станциясы, стационарлық және модульдік үлгідегі 130 автогаз құю станциясы, 97 газ толтыру пункті және тұрмыстық баллондарды айырбастау пункттері бар. Жеткізу жоспары бойынша 2023 жылдың қаңтарына 8772 тонна сұйытылған газ бөлінді, газбен жабдықтаушы ұйымдар өндіруші зауыттармен толық көлемде жеткізу шарттарын жасасты», - деп толықтырды Біржан Әбдірахманов.

Биылғы жылдың 20-шы қаңтарындағы мәлімет бойынша, облыстың газ желісі ұйымдарында 1700 тонна бар, тағы 1400 тонна жеткізілуде. Ақпан айына 7830 тонна, наурыз айына – 8222 тонна сұйытылған газ бөлінді.

АГҚС (автогаз) үшін белгіленген бағалар - литріне 55 – тен 75 теңгеге дейін, баллондық газға – килограмына 70-тен 172 теңгеге дейін (шалғайдағы елді мекендерге жеткізуді ескере отырып бағасы), өнеркәсіптік кәсіпорындарға - килограммына 80-ден 150 теңгеге дейін, топтық резервуарлық қондырғыларға-м3 үшін 400-460 теңге.

Айта кетсек, Ақмолалық кәсіпкерлерге тіл туралы заңға енгізілген өзгерістер түсіндірілді.


Соңғы жаңалықтар