Ақмола облысында суға шомылу маусымы басталғалы 4 бала суға кетті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында суға шомылу маусымы басталғаннан бері барлығы 6 адам суға кетті. Оның 4-уі балалар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен Ақмола облыстық ТЖД басшысының орынбасары Қанат Доспаев мәлім етті.

ТЖД басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, облыс аумағында барлығы 754 су тоғаны бар. Оның 605-і табиғи су айдыны болса, өзгесі демалыс және балық аулау үшін пайданылатын қолдан жасалған тоғандар. Нұра мен Есіл өзендері суға шомылуға қауіпті болып отыр. Бұл өзендерде соңғы үш жылда 25 адам (оның 8-і бала) суға кеткен.

«Биылғы жылдың суға шомылу маусымы басталғаннан бері адам өлімінің алты оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 4 бала бар. Целиноград ауданының су айдындарында үш адам, Астрахан ауданында екі адам, Атбасар ауданында бір адам суға кеткен. Сондай-ақ, жыл басынан бері облыстың тоғандарында біз есепке алмаған 14 қайғылы оқиға болды. Адам өлімінің негізгі себептері - балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру және өз күшін бағаламау. Барлық оқиғалар күзетілмейтін су айдындарында тіркелген», - деді Қ. Доспаев өз сөзінде.

Соңғы жаңалықтар