Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналып үй салына бастады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасар қаласында су тасқынынан зардап шеккендер үшін көппәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметі бойынша осыдан бірер күн бұрын Атбасар қаласындағы 1-ші шағын аудан аумағында жаңа көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталған.  Қазіргі кезде, құрылыс алаңына арнайы техникалар мен контейнерлер жеткізілген. Экскаватор алғашқы қазаншұңқырды қазып, геодезистер жұмыс жүргізуде.

Еске сала кетсек, биыл көктемдегі су тасқыны салдарынан аудан бойынша 650-ден астам нысан зардап шеккен болатын. Соның ішінде 644 тұрғын үй, Атбасар қаласындағы №1 орта мектеп пен «Есіл» балалардың сауықтыру кешені және көліктік коммуникациялар жүйесіне зақым келді.

Шығын көлемін есептеу мақсатында құрылған комиссия сарапшылары  467 тұрғын үйді апаттық деп таныса, 36 үйді бұзылғанын анықтады. Сондай-ақ, 168 тұрғын үйге күрделі  жөндеу жұмыстары қажет деп шешті.

Жақында БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Атбасар ауданына тасқын судың салдарын жою үшін облыстық бюджеттен 513 миллион теңге бөлінгенін атап өтті. Бұдан бөлек, арнайы ашылған қайырымдылық есеп шотынан 30 миллион 500 мың теңге қаржы бөлінді.

null 

Соңғы жаңалықтар