Ақмола облысында су тасқынына қарсы шаралар талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев төрағалығымен көктемгі су тасқынын апатсыз өткізу туралы аппарат мәжілісі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биылғы жылы облыс аумағында қар жылдағымен салыстырғанда 2,5-3 есе көп түсті. Мұндай соңғы жылдары болған емес. Сондықтан, дайындықты бүгіннен бастағанымыз маңызды», - деді аймақ басшысы.

ТЖД бастығы Алексей Советов қазіргі кезде қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Оның айтуынша, су басу қауіпі бар аймақтарда инженерлік қорғау бойынша жоспарға сәйкес 16 ауданның 54 елді мекендерінде су тасқынның алдын алу бойынша инженерлік-қорғаныс іс-шаралары жүзеге асырылған. Оның ішінде 26,8 шақырым су өткізгіш арықтары кеңейтілді және тереңдетілді, 16,5 шақырым бөгеттерді жөңдеу және нығайту жұмыстары жүргізілді, 17,1 шақырым қауіпті аумақтарға топырақ үйінділері мен бөгеттер тұрғызылды.

«Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша төтенше жағдайдың алдын алу үшін 170,3 тонна жанар-жағар май, 4,5 мың тонна инерттік материалдар, 36,1 мың қапшықтар қоры дайындалды. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары арқылы 2336 адам мен 922 бірлік техника әзірленді. Ақмола облысы аумағында су басқыны орын ала қалған кезде ескерту және зардаптарын жою үшін ҚР ІІМ жеке құрамынан 524 адам және 111 техника, 12 жүзу құралы, 107 мотопомп (оның ішінде ТЖД 218 адам, 56 техника және 12 жүзу құралы) жұмылдыру жоспарланған», – деді Алексей Советов.

Сонымен қатар, «Қазгидрометтің» Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Мақажанова, «Қазсушар» кәсіпорны Ақмола филиалының директоры Уәли Дәлінің баяндамалары тыңдалды.


Соңғы жаңалықтар